Концертті тамашалауға өңір тұрғындары мен облыс басшылығы келді. Мерекелік кеш ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне жазылған «Жерім менің» әнімен ашылды.

Сондай-ақ концерт барысында Елбасының Қазақстанның әлем қауымдастығында алатын орны, Павлодар облысы, ата-ананы құрметтеу, мақсат қоя білу мен алға жылжу керектігі туралы айтқан және ән шырқап отырған бейнежазбалары көрсетілді. ҚР Мәдениет қайраткері Виктор Шейкиннің басшылығымен джаз оркестрі Елбасының сүйікті әндерінің бірі – «Весна на заречной улице» әнін орындады.

Оған қоса, концертте «МузАРТ» тобының орындауындағы «Ертіс-Баян» бейнежазбасының тұсаукесері болды.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов демалыс күндері тұрғындарға арналған мерекелік шаралар өткізілетінін айтты.

- «Елбасының бес қыры» атты музейлердің жаңа жобасы жалғасады, - деді Ернұр Дәуенов. – Демалыс күндері Потанин атындағы музейде Елбасының балалық шағы туралы, Бұқар жырау атындағы музейде студенттік шағы туралы көрме өтеді. Көркемсурет музейінде Елбасының 30 жыл ішінде Павлодар облысына келген сапарларының фото суреттерінің, Павел Васильев музейінде Елбасы туралы жазылған кітаптар және Елбасы өзі жазған кітаптардың көрмесі ұйымдастырылады. Шафер музейінде Елбасының сүйікті әндерін тыңдай аласыздар. Толық картинаны алу үшін тұрғындарды барлық музейге келуге шақырамыз.

Тұңғыш Президент күніне арналған концертте жергілікті өнерпаздармен қатар, арнайы шақырылған «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері, республикалық, халықаралық байқаулардың жүлдегері, «Славян базары» байқауының 1-орын иегері, әнші Әміре мен ҚР Мәдениет қайраткері, халықаралық байқаулардың жүлдегері, әнші, композитор Маржан Арапбаева өнер көрсетті.

Әміре «Славян базарында» жетістікке жетуге сеп болған «Құстар әні», Маржан Арапбаева хитке айналған «Қазақ елі осындай» сияқты бірнеше әндерін шырқады.

Оразбек Саяхат
Фото: Ольга Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Тұңғыш Президент күні, мереке, концерт, мәдениет