Бүгін қалалық маслихат депуттары Виктор Пряхин мен Михаил Желнов қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандарымен бірге қала көшелерінің тазалығын тексеру мақсатында Қамзин, Суворов, Естай, Шөкин, Абай көшелері мен Диспетчер аймағын аралап шықты.

- Облыс орталығында қар тазалау жұмыстарымен «Горкомхоз Павлодар» ЖШС мен «Холдингтранс Павлодар» ЖШС айналысады. Олар мүмкіндігінше қажетті техникалармен жабдықталған. Жұмыскерлер таңғы 7.30-дан бастап кешкі 20.00-ге дейін және 21.00-ден таңғы 6.00-ге дейін еңбектенеді. Аулалардың тазалығына пәтер иелерерінің кооперативтері жауапты, біз тек көшелерді тазалаймыз, - деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Бауыржан Абылқасымов.

Жұмыскерлердің айтуынша, қар тазалаудағы негізгі бөгет - көліктер. Жүргізушілер жолдың шетіне көліктерін қалдырып кетіп кедергі келтіретін көрінеді.

- Жалпы, жұмыс өзімізге ұнайды. Техника мен қызметкерлер санын көбейтсе, жылдамдатып аяқтар едік. Қазір демалыссыз қызмет етеміз. Айлығымыз шамамен 90 мың теңге дейді - Лида есімді жұмысшы.

ТҮКШ ұсынған ақпаратқа сүйенсек, түнгі уақытта 24 жүк машинасы, алты жүк тиегіш пен екі грейдер жұмылдырылса, күндізгі уақытта жүзге тарта техника жұмыс жасайды.

2017 жылы қаланы көріктендіру мен тазалауға 1,2 млрд. теңге бөлінген.

Айта кетерлігі, Павлодар қалалық жұмыспен қамту орталығы ЖОО-мен колледж түлектерін 80 мың теңгелік айлықпен жұмысқа қабылдауда. Мекенжайы: Кривенко көшесі, 25, 101 немесе 324 кабинет.

Абзал Қабдраш
Суретті түсірген – автор

pavlodarnews.kz