NIS «Забота» еріктілер клубы облыстық балаларға арналған психоневрологиялық орталық тәрбиеленушілеріне ұйымдастырған шараның мақсаты - орталық тәрбиеленушілерімен бірге уақыт өткізіп, жиналған сый-сияпаттарды табыстау.

Мектептің 10-12-сынып оқушылары саусақпен сурет салу, қол моторикасын дамытатын оригами жасау, белсенді ойындар, ән және би станцияларынан құрылған бағдарлама даярлады. Бағдарлама орталық балаларының жас ерекшеліктері мен денсаулық мүмкіндіктеріне сай болуына баса назар аударылды.

- Мен екінші жыл қатарынан осы қайырымдылық кешіне қатысып отырмын, - дейді 10 «А» сынып оқушысы Айғаным Тегісова. - Бұл жолы өткен шара да есімде ұзақ сақталатыны анық. Себебі балалардың көңіл күйін, көздеріндегі шаттығы мен қуанышын сөзбен айтып жеткізу қиын. Олар өте ерекше ақкөңіл балалар. Сондықтан да мен осындай шараларға қатысқанды ұнатамын. «Забота» клубының еріктілері әрдайым мақтан тұтарлық шаралар ұйымдастыратына қуаныштымын.

«Забота» еріктілер клубы «Ризашылық» науқанына белсенді қатысқан Самұрық, Мұрагер, Ақ Сұңқар, Керуен, Көкбөрілер, Бірлік, Жігер, Алаш, Алау, Қаһарман және Тенгри шаңырақтарының оқушылары мен ата-аналарына, сондай-ақ ұстаздарына үлкен алғыстарын білдірді.

Шара барысында балалардың шығармашылығы мен ақыл ой-өрісінің дамуына қажетті кеңсе тауарлары және қыс мезгіліне сай жылы киімдер табысталды.

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, NIS, психоневрологиялық орталық, қайырымдылық