КСРО спорт шебері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, академик, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жанат Усинді еске алуға арналған еркін күрестен республикалық турнир 10 салмақ дәрежесінде өрбіді.

 -  Ардақты азаматымызды еске алуға арналған турнирге еліміздің барлық өңірінен палуандар келді, - деді облыстық туризмді және спортты дамыту басқармасында. – Турнир алдында ұлттық құраманың бапкерлері бұл жарыстың ақпан айында өтетін Азия чемпионатына іріктеу ретінде қарастырылатынын айтты. Ал, Азия чемпионатында олимпиада ойынына лицензиялар беріледі.

3 күнге жалғасқан турнирдің қорытындысы бойынша 57 келі салмақ дәрежесінде Ғабит Төлепбай жеңіске жетті. 61 келіде Нұрболат Абдуалиев чемпион атанды. 65 келіде Талғат Сырбаз алтыннан алқа тақты. Бұл салмақта павлодарлық Рифат Сайболатов күміс медаль еншіледі.

70 келіде – Мейіржан Әшіров, 74 келіде – Нұрлан Бекжанов, 79 келіде Ғалымжан Үсербаев жеңімпаз атанды. 86 келіде Азамат Дәулетбеков 1-орын иегері атанса, павлодарлық Әбдіманап Байгенжеев 3-орынға қол жеткізді.

92 келіде Илисхан Чилаев бәрінен басым түсті. 97 келіде павлодарлық Мамед Ибрагимов 1-орынға табан тіресе, 125 келіде Юсуп Батырмурзаев қарсылас шақ келтірмеді.

Жарыстың 1-орын иегерлеріне 200 мың теңгелік, 2-орынға – 100 мың, 3-орынға – 50 мың теңгелік ақшалай сыйлықтар табысталды.

Еске салайық, Жанат Амангелдіұлы - Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Орта Азия ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері, КСРО чемпионатының және халықаралық турнирлердің жүлдегері, 2006 жылғы әлем чемпионы. Жанат Усин Қазақстан Республикасының республикалық студенттік ойындарында Павлодар мемлекеттік университетінің намысын табысты қорғап жүрген спортшыларын дайындады. Сондай-ақ еркін және грек-рим стиліндегі білікті балуандарды дайындады.

Оразбек Саяхат

Фото: @wrestling_pavlodar

 

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, еркін күрес, спорт