- 2009 жылы Үкіметтің «Медициналық ұйымдардың номенклатурасын бекіту» туралы № 787 қаулысы қабылданғаны белгілі, - дейді Ардақ Күзеков. – Соған сәйкес негізгі медициналық мекемелер желісін бірыңғай нормативке келтіруге байланысты бірыңғай желі болуы тиіс. Ол туралы 2015 жылы «Денсаулық сақтау желілері мемлекеттік нормативтерін бекіту» туралы № 284 бұйрықта және Денсаулық сақтау министрлігінде айтылады. Бұл жерде бір медициналық ұйымның астына жинау көптеген артықшылық береді. Мұндай жұмыс елімізде жалғасын табуда. 

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы келтірген деректерге сүйенсек, өңірде инсульт бойынша статистика артуда. Биылғы жылы 9 айдың қорытындысы бойынша 440-тан астам адам көз жұмған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 10-15 пайызға артық.

- Инсульт орталықтарының желісі кадрлармен және медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілуі тиіс, - дейді ол. – Өкінішке орай, біздің №3 ауруханадағы инсульт орталығы медициналық құрылғылармен толық жабдықталмаған. Ол жерде магнитті-резонансты томограф, ангиограф, жоғары классты ультра-дыбыстық зерттеу аппараты жоқ. Мамандар тапшы. Бұл медициналық ұйымның кінәсі емес. Дегенмен, мұндай материалдық-техникалық база Ткачев көшесіндегі облыстық кардиоорталықта бар. Көптеген науқастар инсульт алғаннан кейін жедел емді талап етеді және сол жерге бара алмайды. Сондықтан осы инсульт орталығын кардиохирургиялық орталыққа қайта орналастыру туралы идея пайда болды.

Ардақ Күзековтің айтуынша, Үкімет қаулысы мен Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес кардиологиялық орталық қалалық көпсалалы аурухананың құрамында жұмыс істейді. Яғни, кардиоорталық базасында инсульт орталығы құрылады және жүрек-қан тамырлары кластері пайда болады. Кластердің бірінші бөлімі – кардиологиялық клиника мен инсульт орталығы, екіншісі – Луначарск көшесіндегі өткір және созылмалы ауруларға шалдыққан науқастар емделетін кардиоорталық және үшіншісі Хромзавод шағын ауданында орналасқан № 3 аурухананың құрамында болады.

Сондай-ақ  өңірдің бас дәрігері мұндай жаңашылдықтың нәтижесінде қаржыландыру көлемі өзгермейтіндігіне уәде береді.

- Ота жасау деңгейі мамандарға және материалдық-техникалық жағдайға байланысты, - дейді ол. – Белгілі күрделі оталар жасауға тыйым салынады деген ақпарат шындыққа сай келмейді. Бұл оталарды жасау болашақта да жалғасады. Сондай-ақ жасалған оталар саны 15 пайызға төмендеген. Қызметкерлер қысқартылмайды. Екі директордың орнына бір директор болады. Барлық менеджментті жұмысқа орналастырамыз. Екі медициналық ұйымның заңды мәртебесі ғана өзгеріп, №3 қалалық аурухана болады. Бүгінгі таңда кардиологиялық орталықтың кредиторлық қарызы 360 млн теңгеден асады. Облысаралық маңызы бар мекеме болып сақталады, бірақ заңнамаға сәйкес көпсалалы қалалық аурухананың құрамында болады.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам