Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды. Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының президенті Любовь Худованың айтуынша, бүгінде мүгедек жандарға арналған киімнің алғашқы топтамасы шығарылды. Оның ішінде шалбар, панчо, аяқты орайтын қап, жемпір және тағы басқа киім үлгілері бар.

  «Киімді тіккенде біз алдымен оны киіп-шешуге ыңғайлы болатындай етіп шығаруға тырыстық. Бұл - арбаға таңылған азаматтардың басты тілегі. Мәселен, қазіргі кезде олар аяқты көрпешемен жауып жүреді. Біз болсақ, арнайы чеxол-қапты шығардық. Оны кию де, тағу да ыңғайлы. Сосын жерге түсе бермейді. Сол сияқты шалбарды да арнайы эскизбен тіккен. Арбамен жүретіндер шалбар кигенде тізенің астында мата жиырылып, қатты қажайды. Жаңа үлгіде біз артық матаны алып тастадық та, ол жерді жиырылмайтындай істедік. Балағы да жерге қайта-қайта түсе бермейді», - дейді Л.Худова.  

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген киім-кешектің бағасы әр түрлі. Шалбар 6 мың теңгенің айналасында болса, панчо 28 мың теңгеге дейін барады. Алайда алдағы уақытта киімді барынша қарайым әрі ыңғайлы етіп шығарудың арқасында өнімнің бағасы да арзандайды.



pavlodarnews.kz