Байқауды ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы «Қазақстандық математика пәні мұғалімдерінің қауымдастығы» РҚБ-мен бірлесе ұйымдастырды. Шараның қорытындысы бойынша Павлодар облысының дарынды қыз балаларға арналған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернатының физика пәні мұғалімі Камила Әуелбаева І орынға ие болды.

- Жеті жыл қызмет барысында өз пәнім мен оқушыларыма бауыр басып қалдым, - дейді Камила Әуелбаева. - Соның нәтижесінде біраз табыстарға жетіп келемін. Оқушыларым пән олимпиадаларынан жоғары нәтижелер көрсетуде. Бірнеше әдістемелік құралдар, олимпиадаға дайындалуға арналған көмекші құралдар жасауды жоспарлап жүрмін. Сонымен қатар, CLIL төңірегінде шетелдік мамандардың тәжірибесімен танысу және жоғары сынып оқушыларына арналған мотивациялық кітапша жазу туралы ой бар. Әр мұғалім тек сабақ қана беріп қоймай, балаларға жан-жақты дамытуға өз үлесін қосатындай қызмет ету керек деп есептеймін.

Камила Әуелбаева - қыркүйек айында өткен «Жыл ұстазы» байқауының жүлдегері. Сондай-ақ CLIL курсының авторы және тренері. «Астана. Кітап» баспасынан ағылшын тілінде шыққан физика оқулығы авторларының бірі. Оған қоса, 2019 жылдан бастап ұлттық тестілеу орталығының эксперттік комиссия мүшелерінің бірі.

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, ұстаз, халықаралық байқау, конкурс, физика