Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз қызметінде Ертіс ауданының әкімі Аян Бейсекин сөз етті. 2019 жылы жиналған дәнді дақылдардың жалпы көлемі 325 мың тонна, егіннің шығымдылығы гектарынан 11,8 центнерді құрады.

- Аудан әлеуетін ескере отырып, биылғы жиналған астық көлемі мен шығымдылығын орташа деп есептеуге болады, - дейді Аян Бейсекин. – Егер ауарайы жазда қолайлы болып, уақтылы жауын жауған жағдайда 20 центнерден артық жинайтын мүмкіндік бар еді. Дегенмен, жалпы алған өніміміз жаман емес. Еліміз бойынша статистиканы қарап отырсақ, бұл көрсеткіш бойынша ең үздік аудандар қатарына ендік.

Аян Бейсекиннің айтуынша, қазіргі таңда ауданда пайдалануға берілген суармалы егістік көлемі 1000 гектардан асты. 2020-2021 жылдары қосымша 7,5 мың гектар алқапты іске қосу жоспарлануда.

Оған қоса, ауданда асыл тұқымды мал сатып алу мәселесіне де зор мән берілуде.

- Биыл аудан шаруалары 450 бас импорттық ірі қара мал сатып алды, - дейді Аян Бейсекин. – Жыл соңына дейін тағы 165 бас мал сатып алынады. Оған қоса «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 1314 және «Еңбек» несиелік бағдарламасы бойынша 100 бас қой сатып алынды.

Ауданда 22 өңдеу нысаны жұмыс істейді. Олардың 18-і дәнді дақылдар өнімдерін өңдесе, төртеуі мал шаруашылығы өнімін өңдеумен айналысады. Сонымен бірге, ауданда бес сүт дайындау пункті бар.

- Ауданның шаруа қожалықтары биыл 3,3 миллиард теңгеге 78 бірлік техника сатып алды, - дейді Аян Бейсекин. – Шаруалар бір миллиард теңгеден астам несиеге ие болды. Егіншілікті дамытуға 75 шаруа қожалығына 280 миллион теңгелік субсидия берілді.

Айта кетейік, 2019 жылы Ертіс ауданында агроөндірістік кешенді дамыту бойынша жалпы құны бір миллиард теңгеден астам бес жоба іске асырылды.

Айбек Жұматов

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

pavlodarnews.kz

Тэги: Ертіс ауданы, Аян Бейсекин, егін егу, астық, ауыл шаруашылығы