«Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы» ҚБ президенті Раушан Сәрсембаева еліміздің әртүрлі аймақтарынан келген форумның қатысушыларын таныстырып өтті.

- Павлодар облысындағы әйелдер қауымдастығының командасы  өте тату әрі мықты, - деді Раушан Сәрсембаева. - Сіздерді үнемі мақтан тұтамын және жоғары бағалаймын. Бұл форумның мақсаты – Қазақстанда еңбек ететін әйелдердің мәртебесін көтеру және Павлодар облысының әйелдерін нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру үшін біріктіру.

Түрлі салада жетістікке жеткен әйелдер қауымын шараның ашылуымен аймақ басшысы Болат Бақауов құттықтады.

- Бұл менің өмірімдегі ең  әдемі таң деп айтуға болады, - деді облыс әкімі. -  Бүгінгі шарада еліміздің барлық аймағынан келген нәзік жандылар бас қосып отыр.  Әйелдерге құрмет көрсету - Ұлы даланың тамаша дәстүрі.  Әйел – өмір тірегі ғана емес, әйел – өмірдің өзі. Қоғамда әйелдің алатын орны өте жоғары. Қазір мемлекеттік басқару ісінде, өндірісте, кәсіпкерлікте әйелдер айрықша танылып отыр. Өмірде әйелдер араласпайтын сала жоқ. Сіздерді «Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының» 25 жылдығына орай өтетін осы шарада қарсы алғаныма қуаныштымын.

Облыста әйелдер барлық негізгі ұстанымдарда белсенді жұмыс істейді: білім беру қызметкерлерінің 82%, денсаулық сақтау саласының 76%,   мәдениет саласы мен  мемлекеттік қызметтің 70%, жергілікті атқарушы органдарда басшылардың 37% - әйел адамдар.  

Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпорындарда жұмыс істейтін әйелдер саны - 130 мыңнан астам.  

-  Форумға әйелдердің қазіргі қоғамдағы  алатын орны туралы айту,  әріптес бизнесмендермен танысу мақсатында келдік, - дейді Көкшетау іскер әйелдер қауымдастығы «Жас қанаттар» жастар қанатының жетекшісі Сәуле Қасымова. - Мысалы,  біз отбасылық бизнеспен айналысамыз. Алты жыл бойы сыртқы инженерлік желілерді салумен айналысудамыз. Бизнестен басқа, әлеуметтік жобалармен айналысамыз, өз қаламыздың қоғамдық өміріне қатысамыз.

 Форум «Әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың үлгісі ретінде Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығының қалыптасуы» және «Павлодар облысының дамуындағы әйелдер іскерлік қауымдастығының рөлі» тақырыбындағы екі бөлімнен  тұратын сессиямен жалғасуда.

Сондай-ақ шара аясында аймақтық іскерлік қауымдастық пен Павлодар облысы арасында меморандумдарға қол қою көзделген.

 

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам