Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ертіс ауданының әкімі Аян Бейсекин аудан халқын таза ауыз сумен қамту бағытында атқарылған істер туралы баяндап, 2020 жылы қолға алынатын жұмыстар жоспарымен таныстырды.

- Қазіргі кезде ауданның 12 елді мекені мен 13 мың халқы орталықтандырылған құбырдан жеткізілетін таза ауыз суға қол жеткізді, - дейді Аян Бейсекин. – Бұл аудан халқының 72%. Келер жылы Амангелді, Майқоңыр, Қоскөл және Ағашорын ауылдарында орталықтандырылған су желілерін пайдалануға беру жоспарлануда.

Қазіргі кезде су құбырларының жалпы ұзындығы 236,4 шақырымға жеткен. Биылғы жылы 203,2 миллион теңгеге Үлгілі, Қарағаш және Ынтымақ ауылдарында су желілерінің құрылысы аяқталды. Осындай жұмыстар Ағашорын ауылында басталды.

Беловод су желілері бойынша жеткізілетін судың тарифтеріне келсек, Аян Бейсекин бұл мәселе де алдағы уақытта оң шешімін табатынына сендірді. Жақында Беловод топтық су желісі арқылы берілетін су мемлекет тарапынан субсидиялануы мүмкін.

- Нақты бүгінгі күнге айтатын болсақ, тариф 300 теңге шамасында, - деді Аян Бейсекин. – Бірақ республикалық бюджеттік комиссия бұл мәселені қарастыруда. Беловод су желісі монополистер реестріне енгізілуі мүмкін. Ондай жағдайда судың бір текше метрінің бағасы 7-8 есеге түсетін болады. Сондықтан келер жылы судың бағасы төмендейді деген үміттеміз.

Айбек Жұматов

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

pavlodarnews.kz

Тэги: Ертіс ауданы, Аян Бейсекин, Беловод топтық су желісі, сумен қамту, инфрақұрылым