Павлодар облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасы, спорт бөлімінің бас маманы Айгерім Байсалбаеваның айтуынша, Универсиада алауы біздің өңірде қаңтардың 26-сы күні, сағат 10:00-де С.Торайғыров атындағы ПМУ-да жағылады. Алауды алып жүретін делегацияның құрамында 2016 жылғы Рио олимпиадасының қатысушысы Дәулет Шабанбай, Роман Валеев, Риодағы паралимпиадада ел намысын қорғаған Александр Медведев, 2016 жылғы 6-қысқы универсиаданың жеңімпазы Зура Қалипенова, әлем чемпионатының күміс медаль иегері Әлия Төлегенова, жеңіл атлет Роксана Оспанова және спорт ардагерлері – Амангелді Аймағамбетов, Оразал Мұхамедалинов, Людмила Прокашева Виктор Колеев сынды өңір спортының мақтаныштары бар.

- Универсиада алауын жағу рәсімі Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде өткен соң делегация Ломов көшесімен Сәтбаев көшесіне, одан Кривенкоға түсіп төменгі жағалауға барады. Төменгі жағалаудан шыққан соң Ленин көшесімен қалалық Естай атындағы мәдениет сарайына жетеді. Онда қысқы Универсиада ойындарының құрметіне ұйымдастырылған мерекелік концертті тамашалайды. Алау көтерген делегация содан кейін «Астана» мұз сарайына келіп, Универсиаданың гала концертіне қатысады. Шара соңында жағылған алауды шыны сауытқа орнатып, Алматыға жүргізеді, - дейді Айгерім Байсалбаева.

Айта кету керек бұл шараға С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың, ПМПИ-дың, Екібастұз қаласындағы инженерлік техникалық институтының және Ақсу қаласындағы Жаяу Мұса колледжінің студенттері де қатысып, қолдау көрсетеді деп жоспарлануда.

Тілеуберді Сахаба 

pavlodarnews.kz