Естай атындағы мәдениет сарайында жалпы білім беру пәндері бойынша 58-ші қалалық олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті.

Олимпиада қорытындысы бойынша 227 оқушы жүлделі орынға ие болды. 1-орынды 48, 2-орынды 59, 3-орынды 120 оқушы еншіледі.

Шара барысында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов пен қала әкімінің орынбасары Светлана Гладышева жүлдегерлерді құттықтап, марапаттарын табыстады.

Өткен жылы республикалық олимпиаданың «Абсолютті жеңімпазы» атанған №16 мектептің 11-сынып оқушы София Мельник орыс тілі мен әдебиеті пәнінен қалалық кезеңде екінші жыл қатарынан жеңімпаз атанып отыр.

- Орыс тілінен олимпиадаға екінші жыл қатысып отырмын, - деді София Мельник. – 8-9 сыныптарда қазақ тілінен қатысқан болатынмын. Оған қоса, республикалық ғылыми жұмыстар байқауында екі жыл қатарынан жеңімпаз атандым. Жетістікке жету үшін көп дайындық керек. Көп оқу қажет. Мектеп те жағдай жасауы тиіс. Ұстаздарым маған көп көмектеседі. Дұрыс бағыт көрсетеді. Болашақта дипломат болғым келеді. Сондықтан ғылыми жұмысым тілмен қатар, саясат бағытына да қатысты.

Сонымен қатар, «Ең жас қатысушы» номинациясында 9-сынып үшін қатысқан 7-сынып оқушылары: № 34 ЖОМ оқушысы Данил Юсопов, № 43 ЖОМ оқушысы Елизавета Савельева, № 16 лицей-мектебінің оқушылары Игорь Леликов, Иван Казьмин, Валерия Реснянская, Аслан Фидависов марапатталды.

Ағылшын тілі пәнінен 1-орын иегері атанған №37 мектептің 9-сынып оқушысы Бижан Сәдуақасов болашақта шет елдердің бірінде білім алуды қалайды.

- Мен өткен жылы қатысып, жеңімпаз атанғаныммен 8-сыныптар арасында олимпиаданың облыстық кезеңі өтпеген еді, - деді Бижан Сәдуақасов. – Биыл облыстық кезеңде бағымды сынап, жеңімпаз атанудың сәті туған сияқты. Ол үшін көп күш жұмсадым. Ұстаздарыммен бірге жақсы дайындық жасадым. Ағылшын тілінде еркін сөйлей аламын деп ойлаймын. Болашақта шет елде оқығым келеді. АҚШ немесе Канада елінде хирургиядан білім алсам деймін. Сондай-ақ адам жан-жақты болып, спортты да қатар алып жүргені жөн. Өзім дзюдомен 7 жылдан астам уақыт айналысып келемін. Спорт шеберіне үміткер, Павлодар құрамасының мүшесімін.

Қорытынды бойынша «қоғамдық-гуманитарлық бағыттың ең үздік олимпиадалық командасы» номинациясында 1-орынға № 34 мектеп командасы және «жаратылыстану-математикалық бағыттың ең үздік олимпиадалық командасы» номинациясында 1-орынға № 37 лицей-мектебінің командасы ие болды.

Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер Павлодар қаласы білім беру бөлімінің дипломы және медальдарымен марапатталды. Олимпиаданың салтанатты жабылу рәсімінде Павлодар қаласы мектептерінің музыкалық ұжымы өнер көрсетті.

Айта кетейік, олимпиаданың қалалық кезеңі 2019 жылы 5-6 желтоқсанда № 37 мектепте өткізілді. Қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағытындағы 15 жалпы білім беру пәндері бойынша қаладағы 41 мектептен 583 оқушы қатысты.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, олимпиада, білім