Облыстық білім беру басқармасының мәлімдеуінше, Ақсу қара металлургия колледжінің студенттеріне арналған жатақхана осы жылдың наурыз айында салына бастаған. Бүгінде ол ашылуға дайын. Ғимаратқа жарық, су және жылу берілген.

- Ақсу қаласындағы студенттер үйі Әуезов көшесі, 6 мекенжайы бойынша орналасқан. Мердігер – «СтройСвязКомпани» ЖШС. Жобаның құны – 667 миллион теңге. Қазіргі уақытта әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Сыртқы қабырғасын қаптау, өрт кезіндегі баспалдақты орнату, сыртқы желілер мен жарықтандыру, сонымен қатар, аумақты абаттандыру жұмыстары аяқталуда, - деді білім басқармасында.

Жатақханадағы бөлмелер екі орынды. Бөлмелер жиһазбен жабдықталған: кереуеттер, орындықтар, үстел, шкаф. Әр бөлмеде ванна, қол жуғыш және дәретхана бар.

Бірінші қабатта теледидар мен жұмсақ жиһазы бар демалыс бөлмесі орналасқан. Жертөледе спорт залы мен хореография бөлмесі бар.

Сонымен қатар, жатақханада электр плиталары, тоңазытқыштар, қысқа толқынды пештер, үстелдер және орындықтармен жабдықталған ас дайындау бөлмесі бар. Студенттер үшін 32 орындық дәмхана ашылған.

Болашақ тұрғындар кір жуатын бөлмедегі заманауи кір жуғыш машиналарын да пайдалана алады. Жатақханада сонымен қатар, медбике кабинеті және оңашалау бөлмесі бар медициналық орталық қарастырылған.

Аулада арнайы жабындысы бар баскетбол алаңы жабдықталған.

Биыл 14 желтоқсанда Павлодар облысы әкімінің қатысуымен жатақхананың ашылу салтанаты өтеді.

Еске салайық, осындай жатақхана жуырда Павлодарда электроника және байланыс жоғары колледжінің жанында ашылды.

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: Ақсу, жаңа, жатақхана