«Инвесторлар үйінде» өңірлік олимпиялық емес жауынгерлік спорт түрлерінің 16 федерациясының өкілдері бас қосып, барлығы бір қауымдастық шаңырағы астында жиналатыны жөніндегі келісімге қол қойды.

Жаңа құрылған облыстық жауынгерлік өнер қауымдастығының президенті Марат Смағұлов әртүрлі спорт федерацияларын ынтымаққа шақырды.

- Былтыр желтоқсанда Қазақстанның жауынгерлік өнер қауымдастығы құрылып, мұндай ассоциациялар өңірлерде құрыла бастады, - дейді Марат Смағұлов. – Барлық проблемаларыңызды білемін. Оларды облыстық және қалалық спорт басшылығымен бірлесе шешуге тырысамыз. Бастысы – ұқсас спорт түрлері федерациялары өзара жанжалдаспай, жұмылған жұдырықтай бірлікке ұмтылуы қажет.

Сонымен бірге, Марат Смағұлов қауымдастыққа енген федерациялар спортты дамытуды ғана ойламай, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге де мән беру керектігіне баса көңіл аударды.

Ассоциация мүшелігіне енген белбеу күресінен облыстық федерациясының президенті Жанболат Бастемиев қауымдастыққа зор үміт артатынын айтты.

- Әрине, спорт болғаннан кейін оның өзіндік проблемалары да болады, - дейді Жанболат Бастемиев. – Негізінен барлығы қаражатқа тіреледі ғой. Балаларды жарысқа апаруға ақша жетіспейді. Федерациялардың бір қауымдастыққа бірігуі осы және өзге де мәселелерді шешуге көмектеседі деген сенім бар.

Айта кетейік, Павлодар облысында жауынгерлік спорт түрлерімен 4,5 мың адам айналысады.

Айбек Жұматов

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: жекпе-жек, белбеу күресі, жауынгерлік өнер қауымдастығы, спорт