Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 28 жылдығына арналған мүшәйра Б.Момышұлы атындағы мектепте өткізілді.

- Еліміздің басты мерекесіне арналған сайысқа мектеп оқушылары қатысты, - деді қалалық білім беру бөлімінің тәрбие жұмысы жөніндегі сектор меңгерушісі Жанар Тәжікова. – Жас ақындар өлеңдерінде еліміздің азаттық жылдарындағы жетістіктерін жырлады. Мақсатымыз поэзия және оны дәріптеу арқылы халық мәдениетінің баға жетпес мұрасы ретінде өнерді жан-жақты насихаттау, балалардың өз елінің тарихын білуге, Отанын сүюге баулу, оқушылардың шығармашылық белсенділігі мен қызығушылығын дамыту.

Мүшәйра ережесі бойынша 17 қатысушы тақырыпқа сай шығарған бір өлеңін оқып берді.

Жас ақындардың өнеріне ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Найзатас» әдеби-көркем, қоғамдық-саяси журналының бас редакторы Асыл Әбіш, ақын, республикалық поэзия байқауларының жүлдегері, «Найзатас» журналының жауапты хатшысы Айбек Оралхан, Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның бас редакторы Сәуле Мұқаева төрелік етті.

Қазылар алқасының төрағасы Асыл Әбіш жас ақындарға өзінің ақыл-кеңесін айтып, үздік өлеңдер «Найзатас» журналында жарияланатынын атап өтті.

Мүшәйра қорытындысы бойынша 3-орынға №33 мектептің 9-сынып оқушысы Сәбина Жолдасбаева, №19 мектептің 7-сынып оқушысы Фаруза Уақбаева лайық деп танылды. 2-орынды №24 мектептің 11-сынып оқушысы Мақсат Көлтай, №7 мектептің 7-сынып оқушысы Мәдина Ошал иеленді. Ал, №35 мектептің 9-сынып оқушысы Дінасыл Ілімхан 1-орын иегері атанды.

- Өзім 6-сыныптан бастап өлең жазып келемін, - деді Дінасыл Ілімхан. – Оқыған мектептерімдегі ұстаздарымнан тәлім алып жүрмін. Туған жер, табиғат сияқты көптеген тақырыптарда қалам тербеймін. Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевты сүйіп оқимын. Болашақта дәрігер болғым келеді. Дегенмен өлең жазу хоббиім болады.

Жүлдегер ақындар мақтау қағаздары және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ жүлдегерлерді баптаған ұстаздарға алғыс хаттар табысталды.

Оразбек Саяхат
Фото: қалалық Б.Момышұлы атындағы мектеп

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, жас ақындар, мүшәйра, байқау