Тәуелсіздік күні қарсаңында Кенжекөл ауылдық округінің мәдениет үйінде халық емшісі Ырысбек Шайхы атаға арналған мұражайлық бұрыштың салтанатты ашылуы өтті.

- Бұл шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр, - дейді ауылдық округтің әкімі Серік Шуақбаев. – Осындай игі істер арқылы ұлы ата-бабаларымызды мәңгілік есте сақтау - біздің және болашақ ұрпағымыздың парызы.

Ырысбек Солпыұлы 1871 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданы «Қызылтау» жерінде дүниеге келген. 1911-1912 жылдары 40 жасқа келген кезінде бір күнде сәуегейлік қасиет бойына қонған.

- Ол ауырған адамдарды, әсіресе жынданып, есінен танып қалған жандарды, қолындағы сары ала қамшысымен тартып жібергенде, ауырған адамдар тәуір болып, дертінен толық айығып кететін, - дейді емшінің немере келіні Бақыт Алиясова. – Қазір жастар Шайхы ата сияқты әулие атамыздың болғаны туралы біле бермейді. Осы мақсатта ауылымыздың жаңадан салынған мәдениет үйінде мұражай бұрышын аштық. Келушілер емшінің суретін көріп, қолжазбаларымен таныса алады. Сондай-ақ қаншама адамдардың еміне пайдаланылған сары ала қамшысын да көруге болады.

Ырысбек Солпыұлынан ем алып, ауру-сырқаудан жазылған жұртшылық өздерінің ризашылығын білдіріп, ел болып «Шайхы» атағын берген.

Айта кетейік, Шайхы ата Кенжекөл ауылына 1938 жылы өзінің отбасымен көшіп келіп, сол кезде колхоз болған қырдағы «Жарық» және «Қара құдық» деген мал фермаларында коныстанып, колхоздың жұмысын істеген.

Ырысбек Шайхы ата өмірден өтсе де, қадір-қасиеті ұмыт болған жоқ. 1997 жылы Кенжекөл ауылында салынған жаңа мешітке Ырысбек Шайхы ата есімі берілді.

Айгүл Жүсіпова

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Кенжекөл, Ырысбек Шайхы ата, емші, Павлодар облысы, мұражай бұрышы