Бұл туралы облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов мәлім етті.

- ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясының биылғы иегерлері белгілі болды, - деді Ернұр Дәуенов. – Олардың қатарында Әбдіжәміл Нұрпейісов, Олжас Сүлейменов, Әкім Тарази, Марфуға Айтқожина, Жүрсін Ерман, Бибігүл Төлегенова, Самал Еслямова сияқты елге белгілі тұлғалар бар. Сондай-ақ, бұл тізімнен жерлесіміз, Екібастұз қаласындағы Естай атындағы балалар музыка мектебінің директоры, дәстүрлі ән өнерінің майталманы Медғат Манапов та табылды.

Медғат Манапов – Екібастұз қаласының тумасы. Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның түлегі. Әр жылдары Павлодар қаласындағы музыкалық колледжде тәлім беріп, Баянауылдағы балалар музыка мектебін басқарған. 2017 жылдан бері Екібастұздағы Естай атындағы балалар музыка мектебінің басшысы қызметін атқарып келеді.

Облыстық білім беру бақсармасының мәліметінше, Медғат Манаповтың басшылығымен екібастұздық музыка мектебіне қазақтың белгілі ақын-композиторы Естай Беркімбайұлының есімі берілді. Мектепте алғаш рет «Жанды дауыс» этно-фольклорлық ансамблі құрылып, түрлі деңгейдегі байқауларда сәтті өнер көрсетіп келеді. Мектепте ашылған «Рухани жаңғыру» кабинетінде Ертіс өңірінің музыкалық мұрасын зерттейтін орталық пен мұражай құрылды.

Оның жеке бастамасымен және өзінің қатысуымен Екібастұзда ұлттық ансамбльдердің алғашқы өңірлік байқау-фестивалі ұйымдастырылды. Медғат Манапов – Естай атындағы республикалық байқаудың «дәстүрлі орындаушы» номинациясында лауреаты атанған.

Оразбек Саяхат

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Екібастұз, Медғат Манапов, марапат, мәдениет