Баспасөз мәслихаты кезінде Павлодардың даму барысымен таныстырған шаһар басшысы Қайрат Нүкенов атап өткендей, 2019 жылдың 11 айында қала кәсіпорындарының өндірген өнімнің жалпы көлемі 729, 8 миллиард теңгеге жеткен. Былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда биылғы өндірістің нақты көлем индексі 106%-ға тең.

- «Павлодар» арнайы экономикалық аймағындағы кәсіпорындар биыл құны 36 миллиард теңгеге өнім шығарған, - дейді Қайрат Нүкенов. – Жалпы «Павлодар» АЭА жұмыс істеп тұрған уақыт ішінде 101,6 миллиард теңгелік өнім өндіріліп, 1400 жұмыс орны ашылған. Келесі жылы арнайы экономикалық аймақта жаңа 11 жоба жүзеге асырылып, жалпы сомасы 25 миллиард теңге инвестиция тартылмақ.

Қайрат Нүкеновтің айтуынша, 2019 жылы қаламызда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 5,7%-ға артып, 26 050 бірлікке жеткен. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында биыл жалпы құны 7,8 миллиард теңгелік 218 жоба мақұлданды.

Сонымен қатар, жыл басынан бері Павлодарда 20 жаңа бизнес ашылды. Олардың басым бөлігі көпқабатты тұрғын үйлер ауласындағы дүкендерге тиесілі.

Айбек Жұматов

Фото: Ольга Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: Қайрат Нүкенов, өндіріс, экономика, «Павлодар» АЭА, кәсіпкерлік