Байқау ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткізілді. Республикалық байқаудың ақтық кезеңіне еліміздің барлық өңірінен эссесін ұсынған 63 оқушының 12-сі қатысты.

Ақтық кезеңде Павлодар облысының намысын қорғаған Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының 9-сынып оқушысы Имантай Мағзұм ұстазы Бағдәулет Нұрматтың жетекшілігімен жүлделі 2-орынға ие болды.

- Қатысушылар Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласының негізгі бағыттары бойынша эсселер жазып, өз жұмыстарын қорғады, - деді облыстық білім беру басқармасында. – Байқауда қатысушылардың жұмысын 9 әділқазы бағалағанын атап өту керек. Солардың ішінде ҚР Ұлттық мұражай директорының орынбасары Абай Сатубалдин, К.Ақышев атындағы Археология институтының директоры Марал Хабдулина, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жәкен Таймағамбетов сияқты ғалымдар да бар.

ҚР Ұлттық мұражай директорының орынбасары Абай Сатубалдин байқау ұлттық мұражайдың 5 жылдығы, Кемел Ақышевтың 95 жылдығына арналып ұйымдастырылғанын айтты.

- Жалпы үш кезеңде ұйымдастырылған бұл жобаға бір жыл бойы дайындалдық. Байқау «Алтын Адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасының аясында өткізілді. Ақтық кезеңге өткен үздіктердің барлығы жеңімпаз болуға лайық дарынды балалар, - деді Абай Сатубалдин.

Айта кетейік, жеңімпаздар ҚР Ұлттық мұражайының диплом және құнды сыйлықтарымен марапатталды.

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, эссе, байқау, білім