НЗМ-да оқушылардың бойында ұлтжандылық қасиет пен құндылықтарымызға деген құрметін арттыру мақсатында бірқатар іс-шаралар өтті. Оған облысымыздағы ұлттық мұра мен мәдениетімізді жаңғыртып жүрген «JEBE» қоғамдық бірлестігінің мүшелері қатысты.

Меркеге арналған шаралар мерген ойыншылардың арасындағы ұлттық ойын – асық ату жарысынан басталды. Жарысқа оқу ордамыздың 7-8 сынып оқушыларынан 10 команда қатысты.

Жарыстың ашылуында «Асық party» жобасын халықаралық деңгейде танымал қылған «JEBE» қоғамдық бірлестігінің мүшелері сөз алып, қатысушыларға аталмыш жобаның мән-маңызын түсіндіріп, ойыншыларға сәттілік тіледі.

- Одан соң шарамыз «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» ашық сұхбат форматында жалғасын тапты, - деді НЗМ баспасөз қызметінде. – Қонақтарымыз ұлттық рух, тәуелсіздік қадірі, тіл, тарих тақырыптарында сөз қозғап, жас зияткерлермен ашық әңгіме құрды. «JEBE» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Данияр Жұмаділ бірлестік жұмысымен таныстырып өтсе, бірлестік мүшесі, ақын, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі Жарқынбек Амантай ұлттық құндылықтарымыз туралы айтты. Облыстық «Халық радиосының» басшысы Жұмабек Сманов жас ұрпақтың бойындағы адами қасиеттерді айқындайтын жағдаяттық ойындар өткізсе, республикалық «Астана» телеарнасының өңірдегі меншікті тілшісі Өзгеріс Қуанар өзінің төл туындысын оқушылар алдында оқып берді.

Сондай-ақ кездесуде өз өнерлерін көрсеткен жас ақындарға «JEBE» ҚБ мүшелері ізгі тілектерін білдіріп, қазақтың «Томаға тартар» дәстүрі бойынша жеке шығармашылық кештерін өткізуге қол ұштарын созатындарын жеткізді.

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, НЗМ, білім