Қорытынды жиынға Павлодар облыстық қазақ күресі федерациясының президенті, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұржан Әшімбетов, облыстық туризмді және спортты дамыту жөніндегі басқарма басшысы Марат Айдашев қатысты.

Федерацияның атқарушы директоры өз есебінде Дархан Жоламанов Павлодар облысында қазақ күресімен шұғылданатындар саны 2018 жылы 6345 адам болса, 2019 жылы 6579 адамды құрағанын атап өтті.

- Қазақ күресі бойынша секциялар саны – 295, - деді Дархан Жоламанов. – Жаттықтырушылар саны 2018 жылы 172 болса, 2019 жылы 152-ні құрады. 2019 жылы 43 спортшы «спорт шеберіне үміткер» нормативін, 2 спортшы «спорт шебері» нормативін орындады. Қазақ күресі бойынша Қазақстан құрама командасына 13 спортшы енді. Сондай-ақ Махмет Қайырбаевты, Төлеутай Қанаевты, Қаныш Сәтпаевты, Кемер Әшімбетовті, Баян және Олжабай батырларды еске алуға арналған турнирлер өткізілді. Оған қоса, «Павлодар барысы» мен «ERG барысы» ұйымдастырылды.

Дархан Жоламановтың айтуынша, жаттықтырушылар санының азаюы ауылдық жерлердегі бапкерлердің жалақысы мен балалар санының аздығына байланысты. Сол себепті жаттықтырушылар ауылдық жерде ұзақ тұрақтамайды.

2019 жылы қазақ күресінен облыс палуандары ҚР чемпионаттарында 2 алтын, 4 күміс, 9 қола медаль иеленген. Қараша айында жасөспірімдер мен жастар арасында «Жас барыс» турнирі өтіп, павлодарлықтар 6 алтын және 7 қола медаль қоржынға салған.

Жиын барысында өткен жылы үздік нәтиже көрсеткен 20 спортшы мен 13 жаттықтырушы «Fonet Er-Tai Ak Mining» ЖШС демеушілігімен қаржылай марапаттарға ие болды.

Сонымен қатар, жиында Павлодарда өтетін Төлеутай Қанаевты еске алуға арналған республикалық турнирдің ауқымын кеңейтіп, Азия кубогі деңгейінде ұйымдастыру ұсынылды. Сондай-ақ облысымызда қазақ күресі палуандарының республикалық және халықаралық жарыстарға қатысуын қамтамасыз етуге 9 млн теңге бөлінетіндігі және жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін қосымша қаржы керектігі айтылды.

- Өңірде футбол, волейбол, баскетбол сияқты спорт түрлеріне көп қаржы бөлінеді, - деді Нұржан Әшімбетов. – Ұлттық спортымызға аз қаржы бөлінетіні өкінішті. Федерация тарапынан облыс әкіміне хат жолдауымыз керек. Павлодарда ірі кәсіпорындар бар. Солардан демеуші тартуымыз қажет. Ал, Төлеутай Қанаевты еске алуға арналған Азия кубогін өткізу ұсынысын қолдаймын. Ол жарысты жақындары өткізетін. Кең көлемдегі жарыста жақындарына ауыртпалық салмай, бұған да демеуші табуымыз қажет.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қазақ күресі, спорт