«Баянтау» газетінің редакторы Еламан Қабділәшімнің мәлімдеуінше, Экспедиция Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы «Атқа міну мәдениеті» тармағы шеңберінде «Бұқар жырау мұрасы» атауымен өткен.

- Халқымыздың аса қадірлі салты – атқа міну дәстүрін дәріптеу – «Киелі Қазақстан» республикалық салт атты экспедициясының басты мақсаты. Шараға мұрындық болған – «Ат-TRAVEL» клубының мүшесі, екі жыл қатарынан салт атты экспедиция құрамында киелі жерлерге саяхат жасап жүрген Шадыра мектебінің директоры Төлеген Ахаев, - дейді Еламан Қабділәшім.

Екі күнге жалғасқан атты сапардың кешегі алғашқы күні қатысушылар Қаныш Сәтбаев ауылынан Бұқар жырау Қалқаманұлы кесенесіне аттанды. Сапарға шыққандардың құрамында еліміздің әр түкпірінен жиналған кәсіпқой шабандоздар, атбегілер, құсбегілер және кәсіпкерлер, танымал блогерлер мен журналистер, сонымен қатар, Қаныш Сәтбаев ауылының азаматтары бар. Экспедиция мүшелері бір күнде 25 шақырым жол жүріп өтіп, Көмекей әулие рухына құран бағыштады.

Ал, екінші күні, яғни бүгін экспедиция мүшелері Қ.Сәтбаев ауылында мектеп оқушылары мен ауыл жастары арасында ұлттық ат спорты ойындарын ұйымдастырды. Жасөспірімдер мен жастар жабағы жарысы және теңге алу сайыстарында бақ сынады.

- 20-ға тарта жабағы арасында Жарас Қанаттың жабағысы жүйрік екенін дәлелдеп, мәре сызығын бірінші болып кесіп өтті, - деді Еламан Қабділәшім. – Айта кету керек, жүлдегер шабандоздардың барлығы – Шадыра мектебінің оқушылары. Жүлдегерлер мен барлық қатысушы оқушылар «Ат-TRAVEL» клубының ақшалай сыйлығына ие болды. Ал, ересектер арасында өткен теңге алу сайысында Қ.Сәтбаев ауылының шабандозы Абдрахман Серікбай ептілігі мен өжеттігін көрсетіп, бірінші орынды жеңіп алды.

Шараға қатысқан Баянауыл ауданының әкімі Қанат Кәрімов Баянаула өңірінде атты экспедиция ұйымдастырған «Ат-TRAVEL» клубының негізін қалаушы Берік Ақылбеков пен Аққулы ауданындағы «Алтай» шаруа қожалығының басшысы, «Ат-TRAVEL» клубының мүшесі Сәтбек Мукинге атқа міну мәдениетін дәріптеп, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға қосқан үлесі үшін Алғыс хаттар табыс етті.

Оразбек Саяхат

pavlodarnews.kz

Тэги: Баянауыл, ат спорты, спорт