ҚР Биатлоншылар одағының шешімімен әлемдік додаларға Павлодар облысының 4 спортшысы қатысуда.

- Спортшылар биатлоннан 9 кезеңнен тұратын Әлем кубогінде және 8 кезеңнен тұратын екінші деңгейлі IBU (халықаралық биатлоншылар одағы) кубогінде жарысқа түсуде, - деді одақта. – Павлодар облысынан Максим Браун, Антон Пантов, Тимур Куц және Данил Белецкий кезеңдерге қатысып жүр.

Биатлон жарыстарының әр кезеңі спринт, жекелей жарыс, із кесу жарысы, масс-старт, эстафета сияқты бірнеше сайыстардан тұрады. Әр сайыс түрінде 100-ден астам спортшы жарыс жолына шығады.

Әлем кубогінің үш кезеңіне қатысқан Максим Браунның әзірге ең жақсы нәтижесі – Швециядағы алғашқы кезеңде спринттен 88-орын.

Ал, Антон Пантов екі дода да бақ сынап үлгерді. Ол Италиядағы IBU кубогінің 2-кезеңінде суперспринтте 39-орынға қол жеткізді.

Тимур Куц та қос бәсекеде сынға түсіп жүр. Ол Австриядағы IBU кубогінің 3-кезеңінде жекелей жарыста ең жақсы нәтижесін көрсетіп, 30-орынға тұрақтады.

Тек IBU кубогінде өнер көрсетіп жүрген Данил Белецкий да Австриядағы IBU кубогінің 3-кезеңінде жекелей жарыста жақсы нәтижесін тіркеп, 39-орынды еншіледі.

Сондай-ақ Максим Браун, Тимур Куц, Антон Пантов командалық эстафеталарда күш сынап жүр.

Айта кетейік, 4 кезеңнің қорытындысында жинаған ұпайларына сәйкес IBU кубогінің жалпы есебі бойынша Тимур Куц 95-орында тұр. Данил Белецкий 110-орын, Антон Пантов 113-орынға жайғасты. Ал, Әлем кубогінде спортшыларымыздың жинаған ұпайлары аз болғандықтан жалпы есепке ілінбеді.

Оразбек Саяхат
Фото: ҚР Биатлоншылар одағы

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, биатлон, спорт