Мұндай ұсыныс жайлы облыстық әкімдікте өткен алқа мәжілісінде индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Бауыржан Каменов айтып өтті.

- Мысалы, Стамбулға сапар қорытындысы бойынша 10 түрік компаниясы Павлодар облысына  келіссөздер жүргізу үшін келеді деп күтілуде, - деді Бауыржан Каменов. - Картаны сапалы жобалармен толықтыруды пысықтаймыз. Өткен жылы 3 жоба енгізілді, 2020 жылы Павлодар АЭА аумағында іске асыратын 2 жобаны іске қосу жоспарланған. Болат Жұмабекұлы, биылғы жылы сіздің кездесулеріңіздің тәжірибесін инвестор сағаты форматында жалғастырамыз. Бұл формат өзінің тиімділігін дәлелдеді. Мысалы, 2014-2016 жылдары өткізілген «Ертіс-Инвест» форумдарының нәтижелері бойынша жалпы сомасы 600 млрд теңгеге 24 келісімге қол қойылды. «Ертіс-Инвест» халықаралық инвестициялық форумы аясында жасалған өңірдегі келісімдер мен меморандумдарға түгендеу жүргізілді. Алайда, бүгінгі таңда бірқатар келісімдер өзектілігін жоғалтқан. Нәтижесінде тек қана бір жоба – «Giessenhause» ЖШС 5 млрд теңге сомасына іске асырылған.

Басқарма басшысының айтуынша, 2019 жылдың қорытындысы бойынша инвестиция бойынша өсім 16,1%-ды құрап, 494,6 млрд теңге салынған. Бұл сома 2018 жылы 411,9 млрд теңге көлемінде болған. Жеке инвестициялар 80% - 385 млрд теңге. Бюджеттік инвестициялар 20% - 109,0 млрд теңге. Алайда инвестициялардың жалпы өсуі кезінде өңдеуші өнеркәсіпке инвестициялар 80 млрд теңгеге төмендеген. Бұл - ИИДМБ-ның мақсатты индикаторы. Негізгі себеп - ірі жобалардың болмауы.

Сондай-ақ, баяндамашы қалалар мен аудандардың инвестицияларына жүргізілген талдауға тоқталып өтті.

- Индикатор бойынша инвестиция көлемі 500 млн теңгеден, қалалар үшін 150 млн теңгеден кем болмауы тиіс, - деді Бауыржан Каменов. - Аудандар үшін меморандум шеңберінде жоспарланған 36 жобаның орнына 40 жоба іске асырылды. Алайда, іске асырылған жобалардың ішінде өңдеу өнеркәсібінде жаңа жобалар жоқ екенін атап өту қажет. Жобалардың басым бөлігі жұмыс істеп тұрған шаруа қожалықтары мен кәсіпорындар есебінен немесе жобаларды іске асыру кезеңдеріне бөлу арқылы іске асырылған.

Спикер жобалар бойынша әлеуетті инвесторларды іздеу үшін қалалар мен аудандардың әкімдерінің Қазақстан бойынша инвестициялық әлеуетін таныстыратын сапарлар ұйымдастыруды және қалалар мен аудандар үшін меморандумға «Өңдеуші өнеркәсіпке, негізгі капиталға инвестициялар» атты жаңа мақсатты индикаторды енгізуді ұсынды. Оның пікірінше, мұндай әдіс қалалар мен аудандарға  жаңа инвесторларды тартуға және өңдеуші өнеркәсіпке инвестицияларды ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Облыс әкімі Болат Бақауов басқарма басшысына мемлекеттік Индустриалдық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында алдағы үшінші бесжылдыққа арналған айқын жоспар дайындауды тапсырды.

- 2019 жылы Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының екінші бес жылдығын аяқтадық, - деді аймақ басшысы. - Осы кезең ішінде қандай нәтижеге қол жеткіздік, облыс экономикасына және республикаға қосқан үлесі, өнеркәсіп көрсеткішінің өсуі, инвестицияның өсу қарқыны, қаншама салық алынды және қанша адам жұмысқа орналасқаны бойынша айқын сараптама керек. Қазіргі таңда біз үшінші бес жылдықты жүзеге асыруға кірісеміз. Сондықтан алдымызда Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларында қандай ірі жобалар жүзеге асырылатынын білу керекпіз.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: экономика, Павлодар облысы, роуд-шоу