Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, рейдтік іс-шаралар барысында бұл топтар шаруа қожалықтары мен шет аймақтарды, дала аймағында мал жайылымын тексереді. Сондай-ақ, дала мен тау трассалары полиция назарынан тыс қалмайды, өйткені бұлар барымташылар ұрлаған малдың іздері болуы мүмкін. Құрылған топтар мал ұрлау оқиғасы болған жерге де барады. Бүгінгі таңда аталған топтардың үйлесімді жұмысының нәтижесінде мал ұрлығының бес фактісі анықталды. 

- 2020 жылдың 13 қаңтарында Павлодар қаласында бір ауладан белгісіз тұлғалар екі жылқыны ұрлап кеткендігі туралы полицияға шақыру келіп түсті. Иесі жылқыларды 1 млн теңгеге бағалаған. Екі сағат ішінде мал ұрлығы бойынша күдіктілер ізін суытпай ұсталып, жылқылар иесіне қайтарылды. Павлодар қаласының 25-30 жастағы үш тұрғыны түнде аулаға заңсыз кіріп, екі жылқыны ұрлап кеткен. Жас адамдардың бірі бұрын осы шаруашылықта жұмыс істеген, сол себепті жергілікті жерді жақсы білген. Аталған қылмысты ашу мақсатында полиция қызметкерлері шаруашылықтан келе жатқан әрбір ат ізін тексерді. Ұрланған малдарды ер адамдар жаяу алып кетіп, етке сатпақ болған, бірақ  күдіктілерді полиция қызметкерлері қолға түсірді, - дейді департаментте.

Бұдан бөлек, Баянауыл ауданында екі жылқы ұрланған. Жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде шаруа қожалықтарын, Баянауыл ауданының шалғай учаскелерін, бос жайылымдарды және ауданның бір ауылының дала аймағында жылқылар табынын тексерген кезде полиция бөтен таңба соғылған екі жылқыны анықтады. 48 жастағы шопан, аудан тұрғыны, бұл жылқылар көрші ауылдардың бірінің дала аймағында бос жайылып жүргенін пайдаланып,  ұрлап әкеткен  және өзі баққан басқа ауылдың табынына қосып жіберген.

Барлық фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Айта кетейік, жаңа бап бойынша мал ұрлығы үшін  3 мың АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу қарастырылған.

Қайталанған мал ұрлығы, мүлкін тәркілеумен 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға әкеп соғады және жәбірленушімен татуласу арқылы жауапкершіліктен жалтару мүмкіндігін жоққа шығаратын ауыр қылмыс деп танылады.

Қылмыстық топ жасаған мал ұрлығы үшін аса ірі мөлшерде мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

 

 

 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам