Бұл туралы Сот төрелігі академиясының ресми сайты хабарлады деп BAQ.KZ тілшісі жазды.

Германияда білімін жетілдіріп жүрген Сот төрелігі академиясы "Құқықтану" мамандығының 8 магистранты оқудан шығып қана қоймай, мемлекет төлеген шығындары мен шетелде тағлымдамадан өтуіне жұмсалған қаржыны қайтаратын болды.

Магистранттар академия ректоры Зәуреш Баймолдина қол қойған бұйрыққа сәйкес, аталған магистранттар "жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды сақтамағаны" және "өз іс-әрекетімен және қылығымен қоғам тарапынан сынға жол беріп, басқа мемлекеттік қызметшілер тарапынан қызметтік әдеп нормаларын бұзудың жолын кесу және оларды болдырмау жөнінде шара қабылдамағаны" үшін оқудан қуылып отыр.

Тағлымдамадан өтіп жатқан қазақстандықтардың оқудан шығуына 13 қаңтарда желіде шетелде оларға қатысты жарияланған видео себеп болған.

ҚР Жоғарғы соты жанындағы Сот төрелігі академиясында аталған магистранттарға қатысты видеоматериалды зерттеу мен тексеру бойынша комиссия құрылған болатын.

"Тәртіп бұзушыларға тәртіптік жаза қолдану туралы мәселені шешуге тексеріс қорытындысы бойынша жасалған комиссия ұсыныстары негіз болады. Академия магистранттарының тәртіп бұзушылығы расталған және оларды оқудан шығару туралы шешім қабылданған жағдайда олардан оқу үшін мемлекет тарапынан жұмсалған барлық қаражат, осы шетелдегі тағлымдамамен байланысты бюджеттік шығындар өтеледі", - делінген академияның хабарламасында.

pavlodarnews.kz

Тэги: