Алғы сөз сөйлеген ассоциация президенті Кәрім Мәсімов былтырғы жылдың басты жетістіктерін атап өтті.

- Кекушинкай-каратеден өткен әлем чемпионатында спортшыларымыз жақсы нәтиже көрсетті, - деді Кәрім Мәсімов. – Онда біздің спортшылар 40 елдің арасында 2-орын алды. Бұл нәтиже арқылы еліміздегі карате бағыттарының ынтымағын көрсете білдік.

Әрі қарай Кәрім Мәсімов ассоциация президенті лауазымына Әнуар Сәдіқұловты ұсынды. Конгреске қатысушылар аталған кандидатураға қолдау көрсетті. Кәрім Мәсімов болса, ассоциацияның құрметті президенті атанды.

Әрі қарай 2019 жылғы карате, жекпе-жек, толық контактілі спорт түрлері мен MMA жекпе-жектері бойынша үздік спортшылар марапатталды. Олардың арасында Владимир Артюшин, Алмас Сәрсенбеков пен Мөлдір Мекенбаева болды.

Сонымен бірге, олимпиялық емес спорт түрлерін дамытып, насихаттағаны үшін муай-тайдан ҚР еңбегі сіңген бапкер, Павлодар облысы жауынгерлік өнер ассоциациясының төрағасы Марат Смағұлов марапатталды.

- Мұндай марапатқа ие болу үлкен мәртебе, - дейді Марат Смағұлов. – Ассоциация басшылығына қолдау көрсеткендері үшін рахмет. Алда талай жұмыс пен павлодарлықтар жақсы нәтиже көрсетуі тиіс жарыстар күтіп тұр.

Конгрестің ресми бөлігі аяқталғаннан кейін қатысушылар назарына спорт және дін, допингтік бақылау және өзге де маңызды тақырыптарды қозғаған семинар өткізілді.

Айбек Жұматов

pavlodarnews.kz

Тэги: Жауынгерлік өнер ассоциациясы, Кәрім Мәсімов, Марат Смағұлов, спорт, муай-тай