Музей басшысының м.а. Рымбек Қабиденнің айтуынша, осыншама қысқа уақыттың ішінде мұнда 20 мыңнан астам адам келіп үлгерген.

 - Әдетте күніне 500-700 адам келіп тамашалайды, - дейді Рымбек Қабиден. - Демалыс және мереке күндері 1000-нан асып жығылады. 31 қаңтарға дейін келушілер үшін музейді тамашалау тегін. Әсіресе жаңа жылдың алдында 10 мыңға дейін адам келді. Сондай-ақ 9 қаңтарға дейін қысқы демалыс кезінде өңірдегі 50 шақты мектептің оқушылары тамашалады. Көршілес мемлекеттердің іргелес облыстарынан келген қонақтар қызығушылық білдіріп, жылы лебіздерін қалдырып жатады. ҚР Парламенті Мәжіліс депутаттары мен Журналистер Одағының мүшелерін, құқық қорғау органдарының өкілдерін қарсы алдық.

Палеозой дәуірінен бүгінгі күнге дейінгі хронологиялық шеңбер қамтылған тоғыз экспозициялық залда 300-ден астам экспонат орналастырылған. Экскурсия жүргізілетін аумақ шамамен 1700 шаршы метрді құрайды. Ең ескі экспонаттар – ежелгі бұғы мен бизонның қаңқалары. Олар 10 мың жылдан асқан жануарлардың қаңқасы. Ең жаңасы – ежелгі аңдарға қарап жасалған заманауи көшірмелері.

 - Бүгін спорт мектебінің балалары келді, - дейді музей директоры. - Музей бір уақытта 600 адамды қабылдай алады. Нысанның бірегейлігі тарихи-археологиялық экспонаттардың мультимедиялық аппараттарымен жабдықталуында екенін атап өткен жөн. Бұған қоса, әлемнің әйгілі жаратылыстану ғылымы музейлерінің үлгісімен құрылған. Алдағы уақытта музей қоры түрлі жәдігерлермен толықтырылатын болады. Мысалы, жуырда Шарбақты ауданынан бір кісі мамонттың мүйізін тауып алғанын және музейге тапсырғысы келгенін айтқан болатын. Дегенмен мұндай жағдайда ғылыми тұрғыдан зерттеу жүргізілгеннен кейін ғана қабылдай аламыз.

- Мұнда бірінші рет келіп отырмын, - дейді Павлодар облысының спортта дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттың 8-сынып оқушысы Мейіржан Амангелді. – Көптеген қызықты мәліметтермен таныстық. Әсіресе мамонттың реконструкциясы өте қатты әсер қалдырды. Болашақта хирург болуды армандаймын.

Еске сала кетейік, жаңа мұражайды «Лучеза» ЖШС жобалаған. Мердігер «Связьдеталь» ЖШС құрылыс жұмыстарымен айналысқан.  Бұрын бұл жерде төтенше жағдайлар қызметіне қарасты ескі мұражай болған. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ERG компаниясының қолдауымен нысанды қайта құру, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ керекті жабдықтарды алуға және экспозициялық жұмыстарды іске асыруға бюджеттен қаржы бөлінді.

 

 

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, мәдениет