Қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Қанат Желдібаев атап кеткендей, бүгінде облыс орталығында 375 тұрғын үй қардан тазартылды.

- Бұл - шамамен 110 аула, - дейді Қанат Желдібаев. – Аталған жұмыс желтоқсан айынан бастап жүргізіліп келеді. Өздеріңіз көріп тұрғаныңыздай, биыл жауын-шашын мөлшерінің көптігінен жұмыс күрделенген.

Қанат Желдібаевтың айтуынша, қаламыздағы 10 аула тұрғындардың күшімен қар құрсауынан босатылды.

Жалпы, қаланы абаттандыру ережелеріне сәйкес, ғимараттар алдындағы аумақты қардан тазалаумен қызмет көрсететін ұйым немесе меншік иесі өздігімен айналысуы шарт. Ал, аулаға кіре беріс жол мен аулаішілік аумақты тазалауды тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі өз мойнына алады.

Аулаішілік аумақты қардан тазалауға 65 техника, оның ішінде 40 жүк тиегіш пен 25 жүк машинасы жұмылдырылған.

Қанат Желдібаев жүк тиегіштің бір сағаттық жұмысы шамамен 6 мың теңге тұратынын айтады.

Айта кетейік, Павлодарды қар тазалауға 120 бірліктен астам техника мен 150 адам жұмылдырылған. Қараша айынан бастап қала аумағынан 87 тонна қар шығарылды.

Айбек Жұматов

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: қар, жауын-шашын, тұрғын үй инспекциясы, Қанат Желдібаев, қыс