Жүргізушілерге жаяу жүргіншілер өтетін жерде және балалар өздерін қауіпсіз сезінетін аулаларда көңіл бөлуге шақыратын парақшалар таратылды. Сондай-ақ буклеттерге автомобильдің ішінде балаларды  тасымалдауға арналған орындықтарды пайдалану туралы ережелер жазылды.

- Қазақстанда еріктілер қозғалысының дамуына ерекше көңіл бөлініп, 2020 жыл  Еріктілер жылы  болып жарияланғаны белгілі, - дейді Ақтоғай балалар өнер мектебі балаларды дамыту және балалардың жаппай қозғалысы бөлімінің меңгерушісі Гүлайым Сәкенова. - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында азаматтық қоғамды нығайтуда еріктілердің орны ерекше екенін атап өтті. Ақтоғай балалар өнер мектебінде 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап, «Мен волонтермін» үйірмесі  жұмысын бастады. Жетекшісі - Дина Үкібаева.

Үйірменің құрамына 10-14 жас аралығындағы 20 оқушы кіреді. Еріктілер «Кітапты жөнде» акциясы аясында аудандық кітапханаға барып, бүлінген кітаптарды жөндеуге  атсалысты. Сондай-ақ жуырда Ақтоғай ауданының психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде ерекше білімді қажет ететін балаларға «Бауырсақ» ертегісін сахналап, бүлдіршіндерге қуаныш сыйлады.

Алдағы уақытта балабақшалар мен «Ардагер» клубында концерттік бағдарлама, «Жақсылық апталығы», «СӨС таңдаймын», «Таза саябақ» тақырыбында акциялар өткізуді жоспарлап отыр.

Фото: Ақтоғай ауданының ішкі саясат бөлімі

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам