Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.

«Әуе кемесі апатына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. 14 сараптама тағайындалды. 300-дей адамнан жауап алынды. Солардың толық қорытындысын жасағаннан кейін, нақты қалай болғанын, кім кінәлі екенін, қандай кемшіліктер анықталғаны белгілі болады», - деді Марат Ахметжанов Парламент Мәжілісінде тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Сонымен қатар тілшілер «Бек Эйр» әуе компаниясының өкілдеріне қатысты қандай да бір бұлтартпау шарасын қаралды ма?» деп сұрады.

«Ондай шара қаралған жоқ. Өйткені әлі де сараптама мен тергеу амалдары жүріп жатыр. Нақты мән-жай анықталғаннан кейін ғана тиісті шешімдер қабылданады», - деді Бас прокурордың орынбасары.

Еске салайық, 2019 жылдың 27 желтоқсанында «Алматы-Нұр-Сұлтан» рейсін орындамақ болған «Bek Air» әуе компаниясының ұшағы радардан жоғалып кетті.

Кейін 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақ Алматы әуежайы маңында апатқа ұшырағаны мәлім болды.

Салдарынан 12 адам қаза тапты, 69 жолаушы зардап шекті, оның 9-ы – балалар.

10 қаңтар күні елордада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр «Bek Air» ұшағының апатқа ұшырау себебінің басты нұсқасын атады.

Сондай-ақ пилоттардың өзара әңгімесінің хронологиясын жариялады.

 

pavlodarnews.kz

Тэги: