Г. Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің өлке тарихын ғылыми қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Динара Опабекованың айтуынша, экспозиция 98 жәдігерден тұрады.

- Мұнда Абай Құнанбаевтың өміріне қатысты ең құнды әрі сирек кездесетін экспонаттар қойылған, - дейді Динара Опабекова. – Аталған көрме елімізде тұңғыш болып Павлодарда өткізіліп отыр. Ертіс өңірінен кейін экспозиция Нұр-Сұлтан қаласына бет алады.

Динара Опабекованың айтуынша, экспозицияның тағы ерекшелігі – мұнда еш жерде көрсетілмеген «Жас Абай» суреті көрмеге қойылған. Одан басқа, Ertis музейінде ұлы ойшылдың өзі тұтынған заттарын көруге болады.

Олардың ішінде Абайдың медреседе оқыған кітаптары ерекше орынға ие. Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің аға ғылыми қызметкері Қуат Қиықбай айтып өткендей, бұл кітаптар 19-ғасырдың ортасында Орта Азия басылымдарында жарық көрген.

- Бұлар Абай Құнанбаевтың 1855-1858 жылдары білім нәрін алған Ахмет Риза медресесіндегі кітаптар. Олар Абайға дейін пайдаланылған, Абай оқыған және одан кейінгі ұрпақтар білім алған басылымдар, - дейді Қуат Қиықбай.

Оған қоса, көрме көрермендері үшін Абай әлемінен, дәуірінен сыр шертетін табақ ұсынылған. Оны Абай Құнанбаев 1885 жылы өзінің досы орыс оқымыстысы Нифонт Долгополов арқылы тарихи-өлкетану музейіне өткізген болатын.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғалымбек Жұматов атап өткендей, бұл көрме халықтың Хакім Абаймен байланысын нығайтады.

- Қазақ халқы Абайды пір тұтып, әдебиетіміздің ғана емес, біліміміз бен санамыздың дамуына өлшеусіз үлес қосқан тарихи тұлға деп есептейді, - дейді Ғалымбек Жұматов. – Бүгінгі көрме – соның айғағы. Абайдың «Жидебай-Бөрілі» музейінің арнайы келіп, өткізіп жатқан көрмесі Абаймен байланыстың үлкен бір тармақтары деп білеміз.

Ertis музейіндегі Абайдың 175 жылдығына арналған көрме 12 ақпанға дейін жалғасады. Кіру тегін.

Арслан Ғалымбек

Фото: автор және Досжан Мұратбек

pavlodarnews.kz

Тэги: Абай, 175 жыл, Абай Құнанбаев, тарих, музей