Шара қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен кітапхана басшылығының ұйымдастыруымен өткізілді.

- Ең алдымен Әл-Фараби мұрасы біздің еліміз үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін де өзекті, - дейді шараның қонағы ToU философия кафедрасының оқытушысы, философия ғылымдарының докторы Аслан Азербаев. – Ең алдымен халық білімді және адамгершілік қасиетке ие болуы керек. Бұл тұрғыда Әл-Фараби мұрасы бізге аса қажет деп ойлаймын.

Әл-Фараби 200-ден астам шығарманың авторы. Бұлар – трактаттар мен философиялық еңбектер, музыка және поэзия. Ал әлемге әйгілі «Ғылымның саралануы туралы сөз», «Рақымшыл қала тұрғындарының көзқарасы туралы трактат», «Музыканың үлкен кітабы», «Альмагеске түсінік», «Диалектика», «Метафизика», «Ғылымның шығу тегі туралы», «Әріптер кітабы» сияқты еңбектері бар.

Орталық қалалық кітапхананың әдіскері Гүлнәр Асылханованың айтуынша, 2020 жылға арналған «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында философ, математик Әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен ақын, ойшыл Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы қарсаңында Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» және Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» басты туындылар болып табылады.

Орталық кітапхана жүйесін біріктіретін барлық 13 кітапханаларда ауқымды іс-шаралар циклі өтеді. Соның ішінде панорамалы ойындар, авторлардың шығармалары мен өмірбаяндарын білу квест-ойыны, дауыстап оқу және оқыған туындыларды талқылау жатады.

Айгүл Жүсіпова

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Әл-Фараби, 1150 жылдық, оқушылар