Павлодар әкімі Қайрат Нүкеновтің айтуынша, соңғы 5 жыл ішінде қалалық жолаушылар тасымалдаушы фирмалар барлығы 79 жаңа автобус сатып алған.

- Биыл біз бұл жұмысты жалғастырмақпыз, - деді Қайрат Нүкенов. – 2020 жылы жаңа 15 автобус сатып алу жоспарлануда. Қазіргі кезде бұл жобаның қаржылық-экономикалық негіздемесі әзірленуде.

Сонымен бірге, «Павлодар қаласының трамвай басқармасы» АҚ соңғы жылдары мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың жүрісіне ыңғайлы 21 жаңа төмен еденді трамвай сатып алып, барлық жылжымалы құрамын 40%-ға жаңартты.

Оған қоса, аталған ұйым трамвай жолдары мен өткелдерді модернизациялауды жалғастыруда. Осы мақсатқа құны 60 миллион теңгелік дәнекерлеуші аппарат сатып алынды. Соның арқасында трамвай жолаушыларының жол жүрулері барынша қолайлы болмақ.

Сондай-ақ, Достық мөлтек ауданындағы тұрғын үй құрылысына байланысты трамвай басқармасы вагондар жүрісінің маршрутын Ладожская көшесінен әуежай маңындағы айналмалы жолға дейін ұзартуды көздеуде. Қазіргі кезде осыған қатысты жобалық-сметалық құжаттама даярлануда. Қала әкімі Қайрат Нүкеновтің сөзіне қарағанда, құжаттар биылғы жылдың мамыр айында дайын болады.

Айбек Жұматов

Фото: Ольга Бугаева және автор

pavlodarnews.kz

Тэги: автобус, көлік, Қайрат Нүкенов, трамвай