Мәшһүр Жүсіп мешіті баспасөз қызметінің мәлемдеуінше, жұма намазынан кейін басталған бұл салтанатты шараға ҚМДБ-ның қайырымдылық және уақыф істері бөлімінің меңгерушісі Кәмалжан Тұрдыбаев Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келіп сөз сөйледі.

- Бұл қайырымдылық мекемесінің басты мақсаты - ата-анасынан алыста жүрген студенттерге және жергілікті жердегі әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың колледжде оқитын студент балаларына көмек қолын созып, олардың жатар орны мен үш мезгіл тамағын өтеп беруге көмектесу. Сабақтан тыс уақытта рухани іліммен сусындатып, жат ағымдардың жетегінде кетпей, дұрыс пен бұрысты айыра алатын азамат болып қалыптасуына қамқорлық жасау, - деді Кәмалжан Тұрдыбаев.

Сондай-ақ осы іске ұйытқы болған Мәшһүр Жүсіп мешітінің бас имамы Жолдас Қоспақұлына, Ақсу қалалық мешітінің бас имамы Әбдімүтәліп Омаровқа және осы ғимаратты толықтай өз қаржысына салып берген кәсіпкер Нұрлан Елтайұлына бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазіреттің ыстық сәлемі мен айрықша алғысын жеткізді.

Шараны Павлодарлық ақын Қуанышбек Шарманов жүргізіп, арнау айтты. Ақсу қалалық маслихат хатшысы Мәдениет Қабылдаұлы мен Кәмалжан Тұрдыбаев ашылу лентасын қиып, әжелеріміз шашу шашты. Шара соңында жиналған барша жамағатқа дастархан жайылып, ас берілді.

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам