Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен алқа отрысы кезінде облыстық ветеринария басқармасының басшысы Қайыржан Байжанов мәлім етті.

- Ветеринария саласындағы қиындықтардың бірі – маман тапшылығы. Қазір осы мәселені шешу бойынша жұмыс жүргізудеміз. Әкімдерге бос орындарды жас мамандармен қамту жөнінде хат жібердік. Сонымен қатар, оқу жылының соңында осы мамандық бойынша бітіретін түлектерді шақырамыз. Мәселен, мұғалімдер мен әлеуметтік сала мамандары секілді ветеринарлар да «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша үй және бір реттік көтерме ақы алуға мүмкіндіктері бар, - дейді Қайыржан Байжанов.

Ведомство басшылығының айтуынша, қазіргі таңда Ертіс ауданында екі және Лебяжі, Успен, Шарбақты аудандарында бір-бір маманнан жетіспей тұрса, Баянауыл ауданына ветеринария мамандығын меңгерген тоғыз адам қажет. Маман тапшылығының салдарынан көптеген заңсыздықтар орын алған. Мәселен, кейбір аудандарда мал дәрігерлердің орнында заңгерлер мен инженерлер жұмыс істесе, ветеринарлық пункттердің директорларының міндетін зоотехник мамандары атқаруда.

- Өздеріңіз білесіздер, Баянауыл ауданы елімізге әйгілі қаншама ғалымдар шыққан жер. Мұндай жерден мал дәрігері шықпауы мүмкін емес. Жастарды оқытып дайындау керек, - деді облыс әкімі Болат Бақауов.

Тілеуберді Сахаба

pavlodarnews.kz