Бұл туралы Baq.kz тілшісі жазды.  Жастарды мемлекет есебінен оқыту жұмыстары Елбасы тапсырмасына сай қолға алынған «Жалпыға бірдей тегін кәсіби-техникалық білім беру» бағдарламасы аясында жүзеге аспақ. Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, бұл жұмыстардың берері мол. Себебі соңғы жылдары облыста мектеп бітірген соң ары қарай білім алмайтын, яғни, ешбір мамандықсыз жалдамалы жұмысшылардың қатарына қосылатын жастар көбейген. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын 8 мың мектеп бітіруші жоғары оқу орындарына түгілі колледждерге де түспеген. Ал былтыр бұл көрсеткіш 9 мыңға жеткен. Оның үш мыңы екі қолға бір күрек таппай жүргендер болса, қалғаны нарыққа шығып, әйтеуір күн көрістің қамы деп жалдамалы жұмысшы болып жүргендер.

 
«Бағдарламаға сай жаңа оқу жылынан бастап 17 500 жас тегін білім алатын болады. Бұл цирфды біз алдын ала жүргізілген статистикалық жұмыстарға сай анықтадық. Кез келген мектеп бітіруші техникалық, технологиялық салалар бойынша облыстағы кез келген орта арнаулы оқу орындарына келіп, тегін оқуға түсе алады. Тағы бір ерекшелігі, оқуға түскен барлық студент мемлекеттік шәкіртақы алады. Яғни, оларға «беспен» немесе «үшпен» оқыса да, стипендия беріледі», - деді Ержан Бұрханов.

«Жалпыға бірдей тегін тегін кәсіби-техникалық білім беру» бағдарламасы екі бағыт бойынша жүзеге асырылады. Біріншісі: колледждерге оқуға түсетіндерге арналған. Оларға қойылатын басты талап – білім алушының жасы 29 жастан аспауы тиіс. Ал екінші бағыт: қайта даярлау курстарын оқитындарға арналған. Олардың жас ерекшеліктеріне шектеу жоқ. Оқуға түскен әрбір азамат тегін ыстық тамақпен қамтылады. Ерекше айта кетерлігі, бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында 91 орта арнаулы оқу орындары бар. Оның 43-і мемлекеттік болса, қалғаны жекеменшік білім ордалары. Ал бағдарлама барлық оқу ұяларында қамтылған. Бастысы, сұранысқа ие мамандыққа сәйкес келуі шарт.

Естеріңізге сала кетсек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы халыққа арнаған Жолдауында аталған бағдарлама талай жастың мамандық алуына септігін тигізетінін айтқан болатын.

Бұл жоба туралы алғаш рет айтылғанда халық қуанғанып қалғаны белгілі. Солардың бірі Арыс қаласының тұрғыны Аян Боранбаева.

«Тегін оқыту туралы президентіміздің Жолдауда айтқанын естігенмін. Шынымды айтсам, қуандым. Күттім. Жақында бір жиында көршілерімнен естідім. Көршімнің келіні мұғалім ғой. Тегін оқуға болады деп жатыр. Алла қаласа, биыл тұңғыш немеремді оқуға түсірсем бе деп отырмын. Жақсы ғой, оқуы тегін, шәкіртақысы бар, тамағы тоқ», - дейді 8 немеренің әжесі.

 

pavlodarnews.kz