Мұндай пікірді агенттік тілшісіне берген сұхбатында жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша өтіп жатқан республикалық олимпиадасына төрелік ететін қазылар алқасының мүшесі Ернұр Төлеп білдірді.

    -Ұйымдастыру жағы өте сапалы, сөзім жоқ. Әсіресе, ашылу салтанаты кезіндегі әр пәнге арнайы дайындалған лазерлі шоу қатты таң қалдырды. Менің ойымша, мұндай шоу Қазақстандағы қалаларда олимпиада кезінде алғаш рет ұсынылды. Павлодарда білімге қатты мән берілетіні көрініп тұр. Мәселен, С. Торайғыров атындағы мемлекеттік университетінде болғанда химиялық эксперименттер жасайтын зертханаларды көріп таңдай қақтым. Бұдан басқа, көптеген нәрселер көңілімнен шықты, - деді Ернұр Төлеп.

Айта кетейік, Тараз өңірінің тумасы Ернұр Төлеп бүгінде Ресей елінің Краснояр қаласындағы мұнай зауытында қызмет етеді. Ол мектепте оқып жүрген кезінде халықаралық «Туймаада» олимпиадасының абсолютті чемпионы атанып, халықаралық Менделеев олимпиадасының «Үздік экспериментатор» аталымын жеңіп алған.

Еске сала кетейік, Павлодарда 13-18 наурыз күндері аралығында жаратылыстану-математика бағыттындағы пәндер бойынша республикалық олимпиада өтуде. Аталмыш ірі білім додасы өңірімізде 2001 және 2008 жылдары ұйымдастырылған болатын. Биылғы олимпиадаға 760 оқушы қатысуда. Оның 89-ы айтулы халықаралық олимпиадалардың бірнеше мәрте жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Қазақстанның барлық облыстарынан, Астана және Алматы қалаларынан, республикалық білім беру мекемелерінен, «Назарбаев Зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымынан, «Бөбек» Ұлттық білім беру және сауықтыру ғылыми-практикалық орталығынан барлығы 21 команда бақ сынауда.

Абзал Қабдраш

pavlodarnews.kz