Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиын барысында облыстық ветеринария басқармасының басшысы Қайыржан Байжанов мәлім етті.

- Бұл былтырғы жылы дұрыс атқарылмаған жұмыстың «нәтижесі». Атап айтар болсақ, аудан әкімдерінің орынбасарлары мен ветеринария бөлімдерінің басшылары кінәлі. Яғни, ауру малдарды қасапханаларға уақытында тапсырмаған және тапсырылған малдардың құжаттарын дұрыс рәсімдемеген. Қазіргі таңда мал иелерімен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Наурыз айының 25-інен бастап ақшаларын қолдарына береміз. Заң бойынша бір басқа малдың құнының 30 пайызы төленеді, - дейді Қайыржан Байжанов.

Мәселенің мән-жайын тыңдаған облыс әкімі Болат Бақауов аталмыш бағыттағы жұмысқа салғырт қарайтын лауазым иелеріне сөгіс жариялауды ұсынды.

Айта кетерлігі, 2015 жылы облыстағы ірі қара малдың 1,4 пайызы сарып ауруына шалдыққан болса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 0,7 пайызға азайған. Ветеринарлық тексерудің нәтижесінде 3943 бас малдан қауіпті дерт анықталған.

- Осы салаға жауапты мамандардың салғырттығынан сарыпты түбегейлі жойып жіберу мүмкін болмай отыр. Бақылау жұмыстары дұрыс жүргізілмейді. Ауру мал тұрған орындардағы микроорганизмдерді жоятын залалсыздандыру жұмыстары жоқтың қасы. Тұрғындар біреуге мал сатарда немесе сатып алар кезде оның кітапшасын талап етуі керек. Сонымен қатар, аурудың алдын алатын вакциналарды уақытылы жүргізіп тұратын болса, жануарлар мұндай дертке шалдықпас еді, - дейді басқарма басшысы.

pavlodarnews.kz