Баспасөз қызметінің мәліметінше, байқаудың мақсаты – жастарды, жалпы халықты имандылыққа тәрбиелеу, ізгілік жолына шақыру, Ислам дінін насихаттау.

Өтетін орны мен уақыты: Павлодар қалалық «Ақмешіт» мешіті (Ак.Марғұлан көшесі, 138), 2017 жыл 26 наурыз, сағат 11.00-де.

Жарыс екі топ бойынша ұйымдастырылады: мешіт азаншылары мен мешіт жамағаты.

Жарыс үміткерлеріне қойылатын талаптар: азаншының дауысы әуезді әрі тартымды болуы керек. Араб әріптерінің махраждарын жақсы білуі тиіс. Азан дұғасын жатқа білуі қажет. Азан кәлималары мен дұғасының мағынасын білуі шарт. Бірінші топқа тек мешіт қызметкерлері (имамдар, наиб имамдар, азаншы, ұстаз, молдалар) ғана қатысады. Екінші топқа 40 жасқа толмаған кез келген мешіт жамағаты мен мешіт шәкірттері қатыса алады. Медіресе шәкірттері де осы топқа кіреді.

Үміткерлердің киім үлгісі: Міндетті түрде кәстөм шалбар, ақ көйлек, қазақы тақия болуы керек. Торлы тақия жарамайды. Байқау барысында үміткерлерге азанның шығу тарихы, азанның сүннеттері, азаншы қандай сипаттарға ие болуы тиіс, азанды естіген адам қандай сөзді айтуы, Исламның алғашқы азаншысы, азаншыға Алла Тағала қандай сауаптар беруге уәде бергені, азан мен Қаматтың айырмашылығы және айтылу шарттары бойынша қосымша сұрақтар қойылады.
Үміткерлерден ұсыныстарды қабылдау:

1. Бірінші топ. Мешіт имамдары бірінші аталым бойынша қатысатын үміткерлер тізімін 2017 жылғы 25 наурызға дейін төменде көрсетілген мекен-жайға жіберуі керек.

2. Екінші топ. Бұл топқа қатысатын мешіт шәкірттері мен жамағатын мешіт имамдары ұсынады. Сондай-ақ, үміткердің қандай мешіттен қатысатындығы туралы қосымша мәлімет ұсынуы тиіс.

Жарысқа қатысушы үміткерлер 2017 жылғы 26 наурызда сағат 10.30-да Павлодар қалалық «Ақмешіт» мешітіне жиналуы тиіс. Мешіттің мекенжайы: Павлодар қаласы, Ак. Марғұлан көшесі, 138 үй.

Байланыс тел: 61-85-55, 87783809090 (Біржан).

Email: akmeshit1910@mail.ru

Айта кетерлігі, азан - исі мұсылман баласын бес уақыт намазға шақыратын діни амал. Азанның өзіндік шығу тарихы мен дінімізде алар орны бар. Ислам діні жер жүзіне жайыла бастаған күннен бастап, азан бір сәт те айтылмай қалған емес. Сондай-ақ, қиямет күніне дейін әлемнің түкпір-түкпірінде азан дауысы жаңғырып, өз міндетін атқара бермек. Азанның мағынасы мен маңыздылығы және азаншының қияметтегі басқа адамдардан артықшылығы, азаншының шақыруына жауап берген адамға берілетін сауабы мол.

pavlodarnews.kz