«Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Ғаждембек Тұрсыновтың айтуынша, оқушылар түстен кейін би кешіне қатысады.

- 13-наурыз олимпиаданың ашылу салтанатты болды. 14-наурызда оқушылар жарыстың І теориялық туры бойынша сынға түсті. Математика, физика, информатика, химия, биология және география пәндерінен 764 бала қатысты. Кеше демалыс күні болды, қонақтарға қаланың көрікті жерлерін көрсеттік. Бүгін оқушылар С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде өтетін ІІ тәжірибелік турда білімдерін дәлелдейді. Кешкі уақытта олардың көңілдерін сергіту үшін би кеші ұйымдастырылады, - деді Ғаждембек Тұрсынов.

Айта кетейік, кеше команда жетекшілері Павлодар қаласының дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік лицейі, дарынды балаларға арналған №3 гимназия, №8 лицей-мектебі, «Жас дарын» мектебі, Абай атындағы №10 лицей-мектептерінің жұмыс тәжірибесімен танысты.

Түстен кейін мәдени-сауықтыру бағдарламасы аясында оқушылар Ш.Айманов атындағы кинотеатрда фильм көрді.
Кешкілікте павлодарлық мектептердің үздік психологтары олимпиада қатысушыларымен психологиялық тренинг жүргізді.

Абзал Қабдраш

pavlodarnews.kz