Бұл туралы 24.kz хабарлады. Нақты айтқанда, екінші деңгейлі банктердің несиелік қарыздарын өтеуге көмектесіп, экономикалық даму қарқынын тежемеу. Бұл қадам қиын-қыстау кезеңді еңсеріп келе жатқан қаржы саласының қарқынына қалай әсер етеді? Осы тақырып Алматыда өткен қаржыгерлер саммитінде жан-жақты талқыланды. Семинарға қатысқан Ұлттық экономика министрі экономиканың барлық саласында жаңғырту кезеңі өтіп жатқанына тоқталды. Әсіресе көрші елдермен еркін сауда-саттық қатынасының маңыздылығын айтты. Бұл орайда Өзбекстан, Пәкістан, Үндістан және Иран елдерімен тауар алмасуды арттырып, бірлескен инвестициялық жобаларды көбейту керектігін айтты.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Еліміздегі жалпы ішкі өнімнің 15 пайызы сауда-саттықтың үлесінде. Бұл көрсеткіш қазір біртіндеп қарқын алып келеді. Жалпы еліміз жыл сайын сыртқы нарыққа 25 млрд теңгенің тауарын экспорттаса, соның 8 млрд-ы – кәсіби қызмет көрсету. Сондықтан біз бұл салаға ерекше назар аударамыз.

Екінші деңгейлі банктерге Үкімет тарапынан қомақты қаржылай қолдау 2009 жылы болған. Сол жағдай биыл да қайталанып отыр. «Көмек алып, бірақ сенім үдесінен шыға алмаған бірқатар банк сол қателіктерін қайталамауы тиіс», - дейді сарапшылар.

pavlodarnews.kz