Туынды авторының айтуынша, музыкалық әліппенің сөзін Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, танымал ақын Баянғали Әлімжанов жазған.

- Көрнекі ақын Баянғали Әлімжановтың «Өлең-әліппе» деп аталатын балаларға арналған тамаша шығармасын осыдан бірнеше ай бұрын облыстық «Сарыарқа самалы» газетінен оқыдым. Ақын 42 әріптің 39-на бір-бір шумақтан өлең арнап жазған. Шығарманың мазмұнына зер салсам, бүлдіршіндердің тез сөйлеп кетуіне және әріптерді жылдам жаттап, хат тануына өте қолайлы дүние екен. Бірақ оны балаларға қара сөзбен жаттатса қиынға соғады. Сондықтан мен «Өлең-әліппенің» музыкалық нұсқасын жазсам деген ойға келдім де, іске кірістім. Қазіргі таңда әнді нотаға түсіріп қойдым. Жақында фонограммаға түсірген соң, әуені мен сөзін және суретін бір-бірімен үйлестіріп, шағын бейнеролик әзірлейміз, - дейді сазгер.

Сазгердің сөзінше, жаңа музыкалық әліппе «Өлең – әуез қазақи әліпбиі» деп аталады. Жарыққа шығып тұсауын кестірген соң, CD және DBD дискілерге жазып балабақшалар мен мектептерге таратып бермек. Егер оқу орындарына пайдалануға рұқсат берілсе, бүлдіршіндер үшін тамаша оқу құралы боларына сенімді.

Айта кетейік, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті орындаушылық өнер кафедрасының профессоры, ардагер ұстаз Назымбек Дүкенбаевтың өнер саласында қызмет еткеніне жарты ғасырдан асқан. Бүгінгі таңда 300-ге жуық әні бар. Оның 200-і балаларға арналған. 

Тілеуберді Сахаба

pavlodarnews.kz