Бұл туралы 24.kz хабарлады. Қытай астанасы Бейжіңде де шуақты көктем мейрамы айрықша аталып өтті. Шетелдік меймандар қазақтың салт-дәстүрімен танысып, жылы лебіздерін білдірді. Тұсау кесу рәсімін тамашалап, киіз үй жабдықтарына қайран қалысты. Көшпелі халықтың тұрмыс-тіршілігі еуропалықтарға қашаннан қызық әрі таңсық. Оңтүстік Америкадағы Суринам Республикасының өкілі Оливера Пинас киіз үй, қазақтың дәстүрі туралы мәліметтері мұқият тыңдап, ерекше қызығушылық танытты. Өйткені көп ұзамай Қазақстанға жол жүрмек. Сондықтан қазақ халқына қатысты ақпараттарды жиі оқиды. Енді міне Наурыз мерекесі туралы түсінігін кеңейтті.

Оливера Пинас, Қытайдағы Суринам Республикасы елшісінің жұбайы:

- Маған барлығы таныс болып тұр. Өйткені Қазақстан өнерпаздары ұйымдастырған концертте болғанмын. Бүгін Астана EXPO видеосын көрдім, оны тамашалуға тезірек барсам деймін. Күйеуім таяуда Қазақстанға елші болып барады. Мен де жолға дайындалып жатырмын.

Бейжіңдегі шет елдік дипломатиялық миссияның өкілдері, іскер қыз-келіншектер Қазақстан елшілігі ұйымдастырған мерекелік шарада бас қосты. Қонақтар Астана EXPO туралы фильм тамашалап, әз Наурыздың мәні мен мағанасын түсінді. Тұсау кесу рәсіміне куә болды. Қытайдағы Литва Республикасының елшісі Инна Марчулионитэ қазақтың тәрбиелік мәні зор салт-дәстүрмен тереңірек танысып, рухани ләззат алғанын айтады.

pavlodarnews.kz