Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен «Құқық қорғау органдарына іріктеудің жаңа ережелері» атты баспасөз жиынында Павлодар облыстық ІІД кадр жұмысы басқармасының бастығы Ренат Шайков айтты.

    -Өткен жылы ІІД-не жұмысқа орналасу үшін 532 үміткер өтініш білдірген болатын. Оның 157-сі жұмысқа қабылданды. Өте алмағандардың басым бөлігі - бойы қысқа жігіттер. Талап бойынша жол патрульдік полиция қызметіне саптық бөлімшесіне орналасу үшін жігіттердің бойы 175 сантиметр немесе одан да жоғары болу керек. Өзге категорияларда жігіттер үшін - 170 см, қыздарға - 160 см. Биылғы жылы бізде 273 бос орын бар. Оның ішінде 17 орын - орта лауазымдық қызметтер, яғни бөлім не бөлімше басшысының орынбасары және тағы басқалары, - деді бойы 175 сантиметр Ренат Шайков.

Айта кетейік, 2016 жылы құқықбұзушылыққа жол берген 31 тәртіп сақшысы қызметінен босатылды.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Гүлмира Қабиеваның айтуынша, құқық қорғау органдарына іріктеудің жаңа механизмі барлық органдар үшін тестілеудің үш бағдарламасынан тұрады.

  - Бірінші бағдарлама аға басқарушы құрам өкілдеріне арналған және тоғыз нормативтік актіден тұрады. Кандидаттар 110 минут ішінде 135 сұрақтың 95-іне жауап беру керек. Екінші бағдарлама орташа басқарушы құрам қызметкерлеріне арналған. Жеті нормативтік акті бойынша 105 сұрақтың 63-іне 90 минутта жауап беру керек. Үшінші бағдарлама кіші басқарушы және қатардағы құрамға арналған, бес заңнан тұрады. 60 минутта кандидаттар 75 сұрақтың 35-іне дұрыс жауап беруі тиіс. Тестілеу қортындысынан соң кандидаттар сертификаттарға ие болып, тестілеу формасында жеке қасиеттерін бағалаудан өтеді, - Гүлмира Қабиева.

Абзал Қабдраш
Суретті түсірген - автор

pavlodarnews.kz