- Біз табиғи ескерткіштің болашағы жайлы жоспар жаздық және пайда болуы мүмкін мұражайдың дұрыс пен бұрыс тұстарын сызбаға түсірдік. Сондай-ақ, бір сағат ішінде Орталық жағажайдың жалпы сызбанұсқасын сызып шықтық,. Тапсырмаларды сәтті орындадым деп ойлаймын - деді «Жас дарын» мамандандырылған мектебінің 10-сынып оқушысы Рахат Қатбек.

«Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Ғаждембек Тұрсыновтың айтуынша, табиғи ескерткіште география пәнінен 122 оқушы тапсырмаларды орындаған.

- Қалған пәндер бойынша университет зертханасында өткен тәжірибелік кезеңде оқушылар біліктіліктерін дәлелдеді. Облыс әкімдігі физика және химия пәндерінің тәжірибелік турына арналған құралдары алу үшін бір миллион теңгеге жуық қаржы бөлген болатын. Мұндағы сатып алынған жаңа ыдыстар мен арнайы құралдар қазылар алқасының таң қалысын тудырды. Бүгін аппеляция күні. Түстен кейін «Баянтау» спорт кешеніндегі жеті залда шахмат, теннис, волейбол, тоғызқұмалақ бойынша шағын жарыс өтеді. Сондай-ақ, жергілікті акробаттар өз өнерлерін көрсетеді, - деді Ғаждембек Тұрсынов.

Айта кетерлігі, кеше қатысушылар өз білімдерін саралап жатқан кезде команда жетекшілері қала мұражайларына және С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханаға экскурсия жасаған. Сондай-ақ, оқушылар үшін «Ертіс» кешенінде би кеші ұйымдастырылған. Олимпиада жүлдегерлерін марапаттау рәсімі ертең, сағат 11:00-де Естай атындағы мәдениет сарайында өтеді.

Абзал Қабдраш

pavlodarnews.kz