Солтүстік Қазақстан облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты халық шығармашылы орталығының бөлім басшысы Таңат Бейсенбаевтың айтуынша, мұндай республикалық деңгейдегі ірі сөз додасы 15 жылдан кейін алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Аталмыш жыр аламанына Дәулеткерей Кәпұлы, Ринат Зайытов және Алмас Темірбай сынды елімізге танымал ақындар төрелік еткен.

- Айтысқа Ақмола, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда және Павлодар облыстарынан барлығы 12 ақын қатысты. Айтыстың қорытындысы бойынша Павлодар облысы Баянауыл ауданының тумасы Аспанбек Шұғатаев бас жүлдені жеңіп алып, 600 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйақыға ие болды. Ал, айтыстың бірінші орынын қарағандылық шайыр Мақсат Ақанов еншілесе, екінші орынға өзіміздің жерлесіміз Мұхамед Қонқаев пен Қызылода облысынан келген Мөлдір Айтбайқызы ие болды. Соңғысына Ер Жәнібек атындағы қоғамдық қордың арнайы жүлдесі берілді. Ал, Қарағандыдан келген Дидар Қамиев пен өскемендік Нұржан Өмірбаев үшінші орынға лайық деп танылды, - дейді Таңат Бейсенбаев.

Айта кетейік, Аспанбек Шұғатаев 2015 жылы Қазақ Хандығының 550 жылдығына арналған халықаралық ақындар айтысының, сол жылғы республикалық "Алтын домбыра" айтысының бас жүлдесін жеңіп алған.  

Тілеуберді Сахаба

pavlodarnews.kz