Бұл туралы tengrinews.kz хабарлайды. Сұхбат республикалық телеарналардың эфирінде көрсетілді. Айта кетейік, Атамбаев Euronews тілшісінің "ЕАЭО Ресей мүддесіне көбірек жұмыс істейді деп есептемейсіз бе?" деген сұрағына: "Бізге біреумен сауда-саттық жасау керек, көршілермен жұмыс істеуіміз керек. Егер бұл одаққа кірмесек оқшау қалып қоятын едік. 2010 жылы Қазақстан бізді 1,5 айға оқшаулап тастаған кезде, бізде адам шығыны да болды. Оқшаулану жақсы емес болғандықтан, осындай жағдай болды. Енді біз қайда қосыламыз? Ауғанстанға ма? Біз Еуроодаққа кіруге дайынбыз. Мен мұны ұсындым, маған тура жауап берді: бізде ортақ шекара жоқ. Енді біз не істейміз? Бізде алты миллион адам бар. Оқшауланып алып, ну ормандағы тайпалар сияқты өмір сүру ме? Біз дамуымыз керек, бізге нарық керек", - деп мәлімдеген еді Қырғызстан басшысы.

"Түркі тілдес халықтың бауырластығына, достығына көп нәрсе жасап келе жатсыз, Сізді түркі әлемінің атасы деп баға берді. Бірақ мына көршілес отырған қырғыз елінің басшысы Алмазбек Атамбаев жақында Euronews-ке сұхбатында адам шығыны болды, блокада жасап қойды деп Қазақстанды айыптады. Осындай сөздің шығуы неліктен деп ойлайсыз?" деген тілшінің сұрағына Елбасы қысқа да нұсқа жауап беретінін айтты. 

"Бұған қысқаша ғана жауап беремін. Жақында біздің премьер-министр Сағынтаев қырғыз елінде болды. Атамбаев оны қабылдады. "Ағаттық кеткен екен, неге соған көңіл бөлесіңдер?" депті. Ұлы Абайдың сөзі бар: Қырғыз-қазақ бір туған дегенді дүниеде қолданбайтын ешкім жоқ". Сондықтан біз көршілес елміз. Ел басшылары келеді, кетеді, ал халық қалады. Оған онша көңіл бөле бермеу керек. (...). Түсіндіре кету керек, төңкеріс болып, Қырғызстанда заңды отырған президентті орнынан құлатып жіберді, сосын түрмеде отырғандарды шығарды. Барлық сотқарлар бізге қарай лап еткенде жаптық шекараны. Болашақта солай болатын болса, шекараны тағы да жабамыз. Қай мемлекет шекарасын жаппайды, әрбір мемлекет өз қауіпсіздігін ойлайды. Түркия да жауып отыр, сол кезде Өзбекстан да, Тәжікстан да жапты. Ол жерде ешкімнің кінәсі жоқ", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

pavlodarnews.kz