Бұл туралы tengrinews.kz хабарлады. Әскери қызметкер Мақсат Иманбеков пен 27 жастағы жары Аида Жебегенованың жанұясында осындай қуанышты жағдай болып отыр.  Жаңа туған үшем олардың отбасындағы бірінші балалары, сонымен қатар, өңірде биыл бірінші рет үшем туған. Балалар мерзімінен бұрын дүние есігін ашқан, (жүктіліктің 30-шы аптасында) олардың салмағы 1400, 1490 және 1495 грамм. Облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлері тәуекелге барудан бас тартып, әйелге іштен жарып баланы алу әдісімен босандырған, жалпы барлық шара сәтті жасалған. Жаңа туылған балаларға Дархан, Шерхан және Ерхан деген есімдер берілген. Қазіргі уақытта балалардың жағдайы жақсы, салмақ қосып, анасымен бірге ауруханадан шығуға дайындалып жатыр.  Көпбалалы ананы Тараз қаласының әкімі Рүстем Дәулет арнайы құттықтауға келіпті. Ол осы жанұяға сыйлықтар беріп, ізгі тілектерін айтты.  

pavlodarnews.kz