Бұл туралы .tengrinews.kz хабарлады. "Дәл қазір финалдамыз. Финалға жетеміз деп ойлаған жоқпыз. Димаш және онымен бірге Сэнди Лэм (Sandy Lam), гонконгтық топ Lions бар. Әрине, бұл біз үшін өте қуаныш. Осы кезге дейін қазақтың халық әнін де орындадық, еуропалық танымал әндерді де орындадық. Әлемге танымал және қытайдың сүйікті әндері орындалды. Димаш көрермендерді барынша таңғалдыруға тырысты. Соның арқасында бүгін финалға жетіп отыр", - деді әншінің өкілі.

Сонымен қатар, әншінің өкілі музыкалық байқаудың жартылай финалы мен финалының форматын түсіндірді. Айтуынша, байқауға бірінші күннен бері қатысып келе жатқандар - Димаш Құдайберген, Сэнди Лэм және Lions тобы.

"Бұлар 10-шы турдан кейін үздік нәтиже көрсетсе, жартылай финалға автоматты түрде өтеді. 23-і күні әдеттегідей болатын келесі сайыста байқаудан шығып кеткендер мен қазір әлі қатысып жатқандар өзара финалға шығуға таласады. Финалда 10 адам жарысады. Ал жартылай финалда әншілер дуэт болып ән айтады. Бұл өнер көрсетудің түсірілімдері 31 наурызда өтеді. Ал финалда әншілер жеке ән айтады", - деп түсіндірді Алпамыс Шаримов. 

Айтуынша, жалпы алғанда басты фавориттер Сэнди Лэм, Lions тобы және Димаш Құдайберген болып саналады. Алайда жақсы нәтиже көрсетіп келе жатқан Тери Лин мен Джан Джелин де тыңдармандары мен колдаушылары көп болуына байланысты үздік шығуы мүмкін екен. 

pavlodarnews.kz